Кіру
You can authorize on site with:
Google Vkontakte Mailru

Артериялық гипертония21.06.2018ж.

Өзектілігі: Қазақстанның ересек тұрғындарының 40 % - ға жуығы ауырлық дәрежесі әртүрлі артериялық гипертониядан зардап шегеді. 

Соңғы жылдары бұл ауруға шалдыққандардың жас көрсеткіші айтарлықтай жасарып келеді – шамамен 30 жастағы емделушілерден артериялық гипертонияның белгілері анықталып отыр. Аталмыш құбылыстың себебін тұқым қуалау факторынан ғана іздемеу керек, сондай - ақ гипертонияның даму салдарын қазіргі өмір сүру салтымен – күйзеліспен, дұрыс тамақтанбаумен, артық салмақ қосумен, гиподинамиямен байланыстыруға да болады.

Қазақстанда 2007 жылдан бастап мемлекеттік, салалық бағдарлама, сондай - ақ 2011 жылдан бастап "Саламатты Қазақстан" бағдарламасы іске асырылуда, олардың мақсаты – жүрек - қан тамырларының аурулары мен өлім - жітімді азайту. Қазақстанда жеті инсульт орталықтары, сондай - ақ төрт жүз жиырма артериялық гипертензия және жүректің ишемиялық ауруына арналған мектептер дамыған. Жіті инсульт кезінде шұғыл медициналық көмек көрсету реттелді, облыстық клиникалық аурухананың арнайы инсульт бөлімінде "есіктен инеге дейінгі" уақыт 45 минутты қамтиды және жіті инсульт кезіндегі барлық қажетті емдеу шаралары жүргізіледі. Ұлттық Ғылыми кардиохирургиялық орталықтың (ҰҒКО) негізінде  2011 жылғы наурыздан бастап РЖА әдісімен бүйрек артерияларын жүйкесіздендіру жүргізіледі. Аталмыш оталарды жүргізген кезде инсульт, мүгедектік санының азаюы күтілуде. Артериялық гипертензия – бұл систолалық артериялық қысымның тұрақты көтерілуі  ≥ 140 мм. сын. бағ. және / немесе диастолалық артериялық қысымының ≥ 90 мм. сын. бағ., аталмыш деректер емделушінің дәрігерге екі аптада  екі немесе одан да көп қаралуы кезіндегі өлшеулері бойынша келтірілген.

Артериалдық қысым көтерілгендегі шағымдар: шүйде, самай аймағындағы бастың солқылдап ауыруы және зеңуі, бас айналуы, нашар ұйқы, құбылмалы көңіл - күй,  ақыл - ойдың қабілеттілігінің төмендеуі, құлақтың шулауы. Көз алдында жұлдыздардың жылтылдауы, заттардың бұлдырап көрінуі, көру өткірлігі деңгейінің төмендеуі. Жүректің қағуы, шалыс соғуы, ентігу, әлсіреу, физикалық еңбекке қабілеттіліктің төмендеуі,  ісінулердің пайда болуы.

Өкінішке орай, артериялық гипертензия әртүрлі қосарланған аурулармен және асқынулармен қатар жүреді. Олардың арасында:

• Атеросклероз. Артериялық гипертензия атеросклероздың қауіп факторы болуы мүмкін –  аталмыш ауруда қандағы липопротеидтердің жоғары деңгейі байқалады, сондай - ақ қан тамырларының қабырғасындағы түйіншектер қалыптасады.

• Жүрек аурулары. Артериялық гипертензия миокард инфарктінің туындау қаупін арттырады, себебі ол атеросклероздың қауіп факторы болып табылады, сондай - ақ жүрек бұлшық етін қанмен қоректендіретін артериялардың қан тамырларының тарылуына ықпал етеді.

• ОЖЖ (орталық жүйке жүйесі) аурулары. Оларға инсульт, созылмалы ми қан айналымының бұзылуы және т. б. жатады.

• Бүйрек аурулары. Артериялық гипертензия бүйрек ауруларының негізгі себептерінің бірі болып табылады, оның ішінде бүйрек жетіспеушілігі, бұл олардағы қан айналымының бұзылуымен байланысты.

• Көрудің бұзылуы. Артериялық гипертензия көру жүйкесінің, сондай - ақ  көз торының қан айналымының бұзылуымен сипатталады.

• Қант диабеті. Артериялық гипертензия қант диабетінің көптеген асқынуларының қауіп факторы болып табылады, мысалы, диабеттік табан, ретинопатия (көз торының патологиясы) және т. б.

• Преэклампсия. Преэклампсия – бұл гестоз (жүктілік токсикозы) мазалайтын жүкті әйелдерге тән жағдай.  Артериялық гипертензия бұл елеулі асқынулардың белгісі болуы мүмкін.

• Метаболизмдік синдром. Бұл адам ағзасының, семіздікпен, артериялық қысымның, қандағы қанттың деңгейінің көтерілуімен, миокард инфаркті мен инсульт алу қаупімен байланысты жағдайының тобы.

Артериялық гипертония – бұл үкім емес. Кардиолог - дәрігердің қатаң бақылауында болу, емделу, тамақтану, салауатты өмір салтын жүргізу  бойынша барлық ұсыныстарды орындау  өте маңызды. Жоғарыдағы ережелерді сақтасаңыз артериялық гипертонияның асқынуның алдын аласыз. Спиртті ішімдіктерден, натрийден бас тартып, артық салмақтан арылу қажет. Дене жаттығулары, жүру, дене шынықтыру, ЕДТ (емдік дене тәрбиесі) қан айналымын жақсартады және артериялық қысымды реттейді. Калийге бай биологиялық белсенді қоспаларды тағамға қолдануға болады. Мейіздің, кептірілген өріктің, қара өріктің құрамы калийге бай.

 

«Амбулаториялық орталық» мекемесі

Терапевт - дәрігер Абишева Кульпаш

Фугатовна, т. 87772255945

 

 

Артқа
Яндекс.Метрика