Кіру
You can authorize on site with:
Google Vkontakte Mailru

ДОНОРЛЫҚ ҚАН ҮЛГІЛЕРІН САРЫПҚА ЗЕРТТЕУДІҢ ӨЗЕКТІЛІГІ07.06.2017ж.

Сарып – бұл мерзімдеуге бейім, тірек-қозғалыс аппаратын, жүрек-қан тамырлары, жүйке және жыныс жүйелерін зақымдайтын зоонозды жұқпалық-аллергиялық ауру. Қоздырғыштары Brucella аэробты және микроаэрофильді қозғалмайтын грамтеріс бактериялар түрі болып табылады. Бруцеллалар жоғары инвазивтік қасиетке ие және зақымдалмаған шырышты қабат арқылы енуі мүмкін; оларды жасуша ішіндегі паразиттерге жатқызады, бірақ олар жасушадан тыс жерде де болуы мүмкін. Бруцеллалар сыртқы ортада тұрақты. Суда 2 айдан астам, шикі етте – 3 ай, тұздалған етте – 30 күнге дейін, сүзбе ірімшікте – 2 ай, жүнде – 4 айға дейін сақталады. Бруцеллалар 60 °С дейін қыздырғанда 30 минуттан кейін өледі, қайнатқан кезде лезде өледі. Негізгі берілу жолы ауру малдан адамға, көбінесе фекальді-ауызбен; сондай-ақ тұрмыстық байланыс (қоздырғыштың зақымдалған тері қабаты мен шырышты қабықшасына тиген кезде) және ауа арқылы болуы мүмкін. Шикі сүт өнімдері (термиялық өңдеусіз сүт, ірімшік, сүзбе, қымыз және т. б.), сарыппен ауырған ешкі және қойдың еті және шикізаты (жүн, қаракөл елтірісі және тері) ең үлкен қауіп төндіреді.

Қазақстанда соңғы бірнеше жылда тұрғындар арасында сарып ауруының өсуі байқалады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитеттің деректері бойынша, бүгінгі күнде Қазақстанда шамамен 2,5-3,5 мың адам жыл сайын «сарып» жаңа диагнозымен түседі. Бүкіл отбасыларымен ауыратын, топтық жұғу жағдайлары жиілеп кетті және бұл әсіресе қой, ешкі шаруашылықтарында қарқынды дамуда.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы «Аса қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» № 136 бұйрығына сәйкес донорлар, тіндер, мүшелер және басқа да биологиялық материалдар сарыпқа Хеддельсон және Райт реакцияларымен міндетті тексеруге жатады.

Шығыс Қазақстан облысы сарыптың табиғи ошағы болып табылады. Осыған байланысты, 1987 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облыстық қан орталығымен (бұдан әрі - ШҚ ОҚО) эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша донорлық қанды сарыпқа тексеру басталды.  Шығыс Қазақстан облыстық қан орталығында донорлық қан үлгілерін сарыпқа зерттеулер әрбір донация кезінде Хеддельсон реакциясымен жүзеге асырылады және оң үлгілері Райт реакциясымен расталады. Райт реакциясы сарып диагностикасының ең ақпараттық серологиялық әдісі болып табылады, Хеддельсон реакциясының анықтығы кем, ол неғұрлым сезімтал және ерекшелігі аз болады. Бұл әдіс жалған оң нәтижесін жиі береді, сондықтан оны Райт әдісімен растайды. Сарыпқа оң нәтиже анықталған кезде ШҚ ОҚО ақпараттық парақтарды  донордың диагнозын қою және зақымдалған ошақта эпидемияға қарсы және алдын алу іс-шараларын уақтылы жүргізу мақсатында «Шығыс Қазақстан облысы тұтынушыларының құқықтарын қорғау Департаментіне» жібереді.

Донорлық қанды тексеру кезінде реакциялардың ерекшеліксіз жағдайлары болады. Соңғы диагноз қою үшін донорға мамандандырылған медициналық ұйымдарда тексеруден өту қажет. Мамандандырылған медициналық ұйымда тексерудің теріс нәтижелерін көрсеткен кезде құрамында қан орталығы мамандары бар комиссия донордың әрі қарай донорлыққа қатысуы туралы мәселені шешуге құқылы. Сонымен қатар, донор зерттеудің зертханалық әдістерімен расталған  сарыппен ауырғаннан кейін клиникалық және зертханалық толық сауығу сәтінен бастап 2 жылдан кейін донорлыққа қайта келуі көзделген.

Қазақстанда жануарлар мен адамдардың сарып ауруымен  ауруы жыл сайын артуда, осыған байланысты, донорлық қанды сарыпқа тексеру өзекті және қажетті болып табылады.

 

 

 

Мақала авторы                                                «Шығыс Қазақстан облысының

қан орталығы» КМҚК

Жұқпаларды диагностау зертханасының меңгерушісі

Гүлдар Укужаровна Матаева 

Артқа
Яндекс.Метрика