Кіру
You can authorize on site with:
Google Vkontakte Mailru

Балалардың тыныс алу жолдарындағы бөтен денелер02.08.2016ж.

 

Тыныс алу жолдарындағы бөтен денелер – көп жағдайда балаларда кездесетін патология.
Жиі жағдайда (шамамен 95-98% жағдайда) тыныс алу жолдарындағы бөтен денелер 1,5 жастан 3 жасқа дейінгі балаларда кездеседі. Дәл осы жас аралығында бала саналы түрде белсенділікпен өз қоршаған ортасын тани бастайды. Сондай-ақ осы жаста бала өз сезімдері негізінде өз бетімен қатты тамақты шайнап, жұтуды үйренеді. Әрине бұл әрекеттер бірден ойдағыдай іске аса қоймайды. Сол себептен дәл осы жаста ұсақ заттардың тыныс алу жолдарына ену қаупі жоғары болады. Сонымен қатар баланың өзіне не болғанын әлі айта алмайтыны қиындық тудырады. Сондықтан, кейде бөтен денелер тыныс алу жолдарынан кеш уақытта анықталып жатады. Тыныс алу жолдарындағы бөтен денелер әртүрлі жерлерде орналасуы мүмкін – мұрын қуыстары, көмей, кеңірдек, бронх, өкпе тінінде, плевра қуысында. Ең қауіпті жерлер – көмей мен кеңірдек. Осы жерлерге енген бөтен денелер ауа кіретін жолды толық жауып тастауы мүмкін. Егер шұғыл түрде көмек көрсетілмесе, бала 1-2 минут ішінде өліп кетеді. Бас және үлестік бронхтардағы бөтен денелер де өте қауіпті болады. Егер олар бронх саңылауын «клапан» ретінде жауып тұратын болса, онда тыныс алу мен қанайналымның қауіпті бұзылыстарын тудыратын өкпе ішіндегі қысым синдромы пайда болады. Ұсақ бронхтардағы бөтен денелер алғашқы уақытта ешқандай белгі бермейді. Олар тыныс алуды анық бұза қоймайды және баланың денсаулығына бірден әсер етпейді. Алайда біраз уақыт өткеннен кейін (күндер, апталар, кейде – айлар және жылдар) бөтен зат орналасқан жерде бронхоэктаздар қалыптастыратын және өкпе қан кетуін тудыратын ірінді үрдіс дами бастайды. 
Кеңірдекте орналасқан бөтен денелердің тудыратын тағы бір қауіпі – олардың дауыс байламдарына астыңғы жақтан жасайтын соққысы салдарынан тұрақты ларингоспазмның туындауы, ал ол өздігінен көмей саңылауын толық жауып тастайды. Тыныс алу жолдарында ұзақ уақыт тұрған бөтен денелер бронхоэктаздардың немесе фиброздың дамуына, өкпе қан кетуіне апаратын созылмалы қабынулар тудырады. Мұндай қабынулар тек операция жасау жолымен ғана емделеді. Кейде бөтен денелер плевра қуысына ауысады (жиі түрде бұл дәнді дақылдар масақтары), мұның салдарынан пиоторакс және/немесе пиопневмоторакс туындауы мүмкін. 
Бөтен денелердің енуінің негізгі белгілері: тамақ ішу немесе ойнау барысында жөтелу, ысқырып тыныс алу, тері жамылғысының цианозы, ентігу және т.б. Бұл белгілер барлығы бірге немесе әрқайсысы жеке кездесуі мүмкін. Әдетте ата-аналар бұл белгілердің пайда болу себептерін тамақ ішуден немесе ұсақ ойыншықтармен ойнағаннан іздейді. Алайда бала қараусыз  қалған кездерде мұндай белгілердің пайда болуын көрмей қалуға болады. Сол кезде тексеру қиынға соғады. Кейде тыныс алу жолдарындағы бөтен денелер мүлдем білінбей қалады. Бөтен денелерді өкпе қуысын аускультациядан, рентгенографиядан  және рентгеноскопиядан өткізгенде анықтауға болады. Аускультациялық және рентгенологиялық өзгерістер сипаты тыныс жолдарының бітелу түріне байланысты көрінеді. Барлық денелер рентген арқылы көріне бермейді. Бөтен дененің бар-жоғын тек трахеобронхоскопия арқылы ғана толық анықтауға болады. Бөтен дененің енуіне қандай да болсын күдік туатын болса, трахеобронхоскопия жасау қажет. 
Трахеобронхоскопия арнайы дәрігерлердің көмегімен мамандандырылған бөлімшеде жүргізілуі тиіс. Көмей мен кеңірдектегі бөтен денелер эндоскопиялық қышқаштармен алынады. Одан кейін жасалатын емшаралар (антибиотиктер, ФЗТ, массаж) бронхтағы қабыну үрдісінің сипаты мен барысына байланысты жасалады. Кейде бөтен денелер ұзақ уақыт орналасқан жағдайда және қабыну дамыған кезде (бронхоэктаздар, фиброз, қан кету және т.б.) операциялық жолмен емдеуге жүгіну тура келеді. 
Тағы да қайталап айтамын: тыныс алу жолдарындағы бөтен денелерді 100-пайыз анықтау үшін трахеобронхоскопия жасау қажет! Мұрын қуыстары мен жұтқыншақ жолдарындағы бөтен денелерді анықтау үшін трахеобронхоскопия қажет емес. Ол кезде тек ЛОР-дәрігердің кеңесі қажет болады. 
Өскемен қаласы «Ана мен  бала орталығы» хирургиялық бөлімшесінің тыныс алу жолдарындағы бөтен денелер бойынша 2009 жылдан 2014 жылға дейінгі кезеңдегі жұмыс тәжірибесіне талдау жүргізілді. Аурулар сырқатнамасы, бронхоскопия журналдарынан алынған хаттамалар зерделенді. 
Көрсетілген мерзім ішінде бөтен денені алып тастау нәтижесімен – бронхоскопия әрекеттері жасалды – 51. Ауру балалардың саны: 11 ай-3 жас – 26; 4-6 жас – 14; 7-14 жас – 11. Диагностика клиникалық және аспаптық-зертханалық зерттеу әдістері арқылы жүргізілді. 
Өскемен қаласы «Ана мен  бала орталығы» дәрігерлері санавиация желісі арқылы Шығыс Қазақстан облысының шалғай аудандарына шұғыл бронхологиялық көмек көрсетеді. Бронхгологиялық бригада құрамына кіреді: балалар хирургы, анестезиолог, эндоскопиялық медбике. Көрсетілген жағдайларда соңғы 5 жылда 8 емделушіге көмек көрсетілді. 
Қорытынды: тыныс алу жолдарындағы бөтен денелер – қорқынышты және өте қауіпті патология. 
Ата-аналарының немқұрайдылығынан көптеген балалар мүгедек болып қалды, көбі  ауыр операцияларды өткерді. Өліммен аяқталған жағдайлар да болды. 
Құрметті ата-аналар! Бір ережені еске сақтаңыз:
3-4 ЖАСТАН КІШІ БАЛАЛАРҒА ЖҰТЫП ҚОЮҒА БОЛАТЫН ҰСАҚ ОЙЫНШЫҚ ЖӘНЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК (ЖАҢҒАҚ, БҰРШАҚ ЖӘНЕ Т.Б.) БЕРУГЕ БОЛМАЙДЫ.


Сіздің балаңыз бұл заттарсыз да өмір сүре алады. Және көптеген қауіп-қатерден аман қалады. 
Абай болыңыздар! Өз балаларыңыздың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеңіздер!

 «Ана мен  бала орталығының»  хирург дәрігері Пушкарев Михаил Анатольевич

Артқа
Яндекс.Метрика