2015 жылы 1 қазан айынан бастап Республика аумағында 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдерге қызылшаға қарсы қосымша екпе егу науқаны басталады.
Қазан айында екпе егуге жасы бойынша жоспарлы егілген, бірақ биылғы жылдың ақпан айында қызылшаға қарсы екпе алмаған 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер жатады. Республиканың және шекаралас аумақтарда қызылша аурушаңдығының тіркелуіне байланысты қосымша екпе егу қажеттілігі туындап отыр.
Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша облыста қызылша ауруының 332 жағдайы тіркелген. Аурушаңдықтың ең жоғарғы деңгейі 15 жастан асқан (77,7 %) және екпе егу жасына жетпеген 1 жасқа дейінгі (16,8 %) балалардың арасында тіркелуде. Қызылшаға қарсы қосымша екпе егу облыстың барлық аумақтарындағы медициналық мекемелердің, мектептердің, жоғары және орта оқу орындарының 506 екпе егу кабинеттерінде жүргізіледі.
Екпе егуді тек қана арнайы дайындықтан өткен медицина қызметкерлері, оның ішінде вакцинаторлар жүргізеді.
Қызылша-жіті жұқпалы вирустық ауру, ол дене қызуының көтерілуімен, бастың ауруымен, денеде бөртпелердің біртіндеп пайда болуымен сипатталады, жөтелдің болуы да мүмкін. Қызылша өте жұқпалы ауруларға жатады, қызылшаға қарсы екпе алмаған науқаспен қатынаста болған адамдардың барлығы ауырады. Қызылша ауруы асқынулармен қауіпті:көздің көрмей қалуы, құлақтың, өкпенің, мидың қабынулары, өлім жағдайларының болуы да мүмкін. Статистикалық мәліметтер бойынша қызылшамен ауырған 500 адамның арасында 1 өлім жағдайы тіркеледі.
Осы науқанға дайындық аясында 2015 жылдың 18 қыркүйегінде «Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасы» ШЖҚ КМК мәжіліс залында (мекен-жайы: Әуезов көшесі, 26 үй) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің «Санэпидсараптама және мониторинг бойынша ғылыми-практикалық орталығы» РМКК мамандарының, облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша департаментінің, денсаулық сақтау және білім басқармаларының, қалалық және аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша басқармаларының, денсаулық сақтау және білім бөлімдерінің қатысуымен көшпелі республикалық семинар өткізіледі. Сондай-ақ, семинарға Солтүстік-Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарының өкілдері қатысады.
Семинар барысында республикада және дүние жүзіндегі қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалы, балалар мен ересек адамдарда қызылша ауруының клиникалық ерекшеліктері, сондай-ақ, медициналық қызметкерлер, ата-аналар және балалар арасындағы коммуникативтік дағдылар сияқты өзекті мәселелердің талқылануы жоспарлануда.