Учаскелік дәрігерге тіркелу |
Қабылдауға тіркелу |
Өтініш беру |
Менің емханамды iздеу |
Ауруханалар және емханалар |
Алғыс білдіру |
Жаңалықтар |
Шаралар |
Көрсетілген ұсыныстардың сапасын бағалау |
Балаларда кездесетін жіті ішек жұқпалары пайда болу жиілігіне қарай (ЖІЖ) жіті вирустық аурулардан кейін екінші орынға ие.
2017 жыл ішінде Өскемен қаласы Ана мен бала орталығының инфекциялық бөлімшесінде осы аурудан 564 бала емделді. Ал 2018 жылдың басынан 5 ай ішінде жіті ішек жұқпаларынан 290 бала емделіп шықты.
Ішек жұқпалары бактериялар немесе вирустардың салдарынан туындайды және, әдетте, бұл ауруға жоғары температура, құсу және іш өту белгілері тән. Ауруды ауа-тамшы жолымен, тағам, су, нәжіс, ауыз қуысы арқылы немесе тұрмыстық байланыс жолымен жұқтырып алуға болады.
Біздің облысымыздың бактериалды жіті ішек жұқпалары арасында анағұрлым кең тараған түрлері: дизентерия, сальмонеллез, коли-инфекция және шартты патогенді флорада өмір сүретін инфекциялар (клебсиелла, алтын стафилококк, энтеробактерия және т.б.). Ішек вирустары арасында кеңінен тарағандары: ротавирус пен энтеровирус.
Вирустық ішек жұқпалары маусымға қарай туындамайды. Мезгіл сайын қыста да, жазда да осы жұқпалармен аурушаңдық туындап отырады. Ротавирустық жұқпаларды жұқтыру көбінесе суық мезгілде, қараша айынан сәуір айына дейін өршіп отырады. Ал энтеровирустық жұқпаның басым көлемде туындауы статистика бойынша, керісінше, жаздың аяғында және күздің басында байқалады, өйткені, бұл кезде балалар ашық су қоймаларына көп шомылады және жеміс-жидекті, көбінесе, жумай жейді. Осы себеппен жазда бактериалды ішек жұқпалары да жиі кездеседі. Ең алдымен, бұл дизентерия, ал коли-инфекция «саяхатшы диареясы» деген атауға ие болған (коли-инфекция, әдетте, жол жүрген кезде санитарлық-гигиеналық нормаларды орындамауға байланысты туындайды).
ЖІЖ ауруынан егу жоқ, сондықтан бұл аурулардың алдын алу жауапкершілігі тікелей ата-аналардың қолында. Ішек жұқпаларының алдын алу үнемі жүргізіліп отыруы тиіс. Оны қалай істеу керек? Бұл азық-түлік өнімдерінің және ауыз судың сапасын қатаң түрде қадағалау және жеке гигиена ережелерін орындау.
1. Қауіпсіз азық-түлік өнімдерін таңдау. Көптеген өнімдерді, мысалы жемістер мен көкөністерді шикі күйінде жейміз, ал басқа өнімдерді арнайы өңдеусіз жеу өте қауіпті. Мысалы, шикі сүт емес, пастерленген сүт сатып алған жөн. Азық-түлік өнімдерін сатып алған кезде оларды өңдеудің мақсаты – оларды қауіпсіз етудің және сақтау мерзімін арттырудың кепілі екенін есте сақтау қажет. Ал шикі күйінде пайдаланылатын өнімдерді мұқият тазалап, жуу керек.
2. Тағамды дұрыс пісіру қажет. Көптеген шикі өнімдер, мысалы ет пен құс етінде және шикі сүт құрамында патогенді микроағзалар болады. Пісіру (қуыру) кезінде бактериялар жойылып кетеді.
3. Тағамды ыстық күйінде, суымай тұрғанда, жеу қажет. Өйткені, тағам бөлме температурасына дейін суыған кезде, оның құрамында микроағзалар көбейе бастайды. Тағам суық күйінде анағұрлым көп сақталса, сол тағамнан улану қауіпі арта түседі. Денсаулығыңызға қауіп төндірмес үшін, тамақты піскен сәтте жеуіңіз тиіс.
4. Азық-түлік өнімдерін дұрыс сақтау қажет. Егер сіз пісірілген тамақты сақтап қойғыңыз келсе, оны ыстық күйде (60° С-тан жоғары) немесе суық күйде (10° С-тан кем емес) ғана сақтау қажет екенін естен шығармағаныңыз жөн. Бұл өте маңызды, әсіресе, тамақты 4-5 сағаттан астам уақыт сақтаған кезде. Балалар жейтін тағамды мүлдем сақтамау қажет. Көптеген улану жағдайлары жылы тамақты көп көлемде тоңазытқышта сақтау салдарынан туындайды. Мұндай тағам көп тағамдар қойылған тоңазытқышта толық суып үлгермейді. Тағамның ішінде жылы температура (10° С –тан төмен) көп уақыт сақталса, ондай тағамда микробтар тірі қалады да, адам денсаулығына қауіпті деңгейге дейін көбейеді.
5. Сақталған тамақты жақсылап жылыту қажет. Бұл сақтау кезінде көбейген микроағзаларды жоюға ықпал етеді (өйткені, дұрыс сақталған тағамда микроағзалар көбеймесе де, жойылып кетпейді). Тағы да айта кету қажет, тамақты жеу алдында оны ыстық күйге дейін жылыту абзал (оның температурасы 70° С-тан кем болмауы тиіс).
6. Пісірілген және шикі азық-түлік өнімдерін араластырмау қажет. Дұрыс пісірілген тағам шикі азық-түлік өнімдерімен араласу арқылы ластануы мүмкін. Бұл ластану ашық түрде орын алуы мүмкін, мысалы, шикі құс еті пісірілген тамақпен жанасқан немесе араласақан кезде. Немесе жасырын түрде ластануы мүмкін, Мысалы, пісірілген (қуырылған) құс етін және шикі құс етін бір тақтаға және бір пышақпен кескен кезде пісірілген тағам ластанады. Мұндай кезде пісірілген тағам шикі тағамнан микроағзаларды сіңіріп алады да, адам бұл тағамнан уланып қалуы мүмкін.
7. Қолды жиі жуу қажет. Тағамды пісіру алдында және тамақ пісіру барысында үзіліс жасағанда – әсіресе, баланың жаялығын ауыстырып келген болсаңыз немесе әжетханаға барып келсеңіз, қолыңызды тағы да дұрыстап жуу қажет. Шикі азық-түлік өнімдерін, мысалы, балық, ет немесе құс етін өңдегеннен кейін, басқа азық-түлік өнімдерін өңдемес бұрын тағы да қол жуу тиіс. Егер қолыңызда тілінген жара болса, тағам дайындамас бұрын, жараны танып, немесе орап тастау қажет. Сонымен қатар, үй жануарлары – иттер, құстар, әсіресе, тасбақалар – жиі кезде өте қауіпті микроағзаларды тасымалдайды, олар да қол арқылы тағамға түсуі мүмкін. Жануарларды баланың төсегі мен ыдысынан алшақ ұстаған дұрыс.
8. Пәтеріңізді тазалықта ұстаған жөн. Өйткені тамақ тез ластанатындықтан, оны дайындайтын әрбір заттың үсті таза болуы тиіс. Әрбір тамақ ұнтағы немесе кір дақтар микробтардың өмір сүретін ортасы болуы мүмкін. Ыдысты сүртетін орамалдарды күн сайын ауыстыру қажет. Еден жуатын шүберектерді де жиі жуу тиіс. Балалардың ойыншықтарын балаларға арналған залалсыздандырушы заттармен жуу керек.
9. Азық-түлік өнімдерін жәндіктерден, кеміргіштерден және басқа жануарлардан алшақ сақтау жөн. Өйткені, жануарлар жиі кезде патогенді микроағзаларды тасымалдаушы болып табылады да, азықтық улануға себеп бола алады. Азық-түлік өнімдерін толығымен жабылатын ыдыста (контейнерлерде) сақтау қажет.
10.Таза суды пайдаланған жөн. Таза ауыз суы ішуге де, тағам дайындауға да өте маңызды. Егер судың сапасына күмәнді болсаңыз, онда тамаққа қосар немесе пайдаланар алдында оны қайнатуыңыз жөн болады. Бөтелкедегі немесе сүзгіден өткізілген суды пайдалану дұрыс.
11.Тамақ ішер алдында, серуендеуден немесе қоғамдық жерлерден келген болсаңыз, міндетті түрде қол жуу қажет. Әсіресе бала құммен немесе жануарлармен ойнаған болса, міндетті түрде қол жуу абзал.
12.Егер балаңыздың тырнағын жеу немесе ауызына әр затты апару әдеті болса, оны тезірек сол әдеттен арылтуға ықпал етуге тырысу қажет.
Жіті ішек жұқпасының белгілері байқалған кезде (дене қызуы, құсу, іш өту, іш ауру) дереу медициналық көмекке жүгіну қажет!
Ана мен бала орталығының 1 санаттағы педиатр-инфекционист дәрігері Епанченко Ольга Васильевна