Кіру
You can authorize on site with:
Google Vkontakte Mailru

Балаларда кездесетін туберкулез20.02.2018ж.

Туберкулез бұрыннан әлеуметтік ауру деп саналып келді, бірақ бүгінгі кезеңде оның әлеуметтік жағы ғана емес, сондай-ақ ағзада туберкулез үрдісінің дамуына әсер ететін көптеген факторлар анықталды.

Балалар арасында туындайтын туберкулез ауруына соңғы жылдары жүргізілген  талдау бойынша бұл аурудың пайда болуына әсер ететін негізгі факторларды көруге болады:

Бұл, біріншіден, әлеуметтік-экономикалық антисанитарлық өмір жағдайы, теңгерімді тамақтанбау, ата-аналардың дұрыс  өмір сүрмеуі, отбасының төмен материалдық  жағдайы балалар арасында туберкулез жұқпасының дамуына қолайлы негіз тудырады.

Екіншіден, бұл бала ағзасының иммунологиялық реактивтілігінің анағұрлым төмендеуі. Ағзаның әрбір жұқпалы ауруларға, оның ішінде тубркулезге  қарсы тұра алатын қабілетінің төмендеуіне көптеген факторлар ықпал етеді: қоршаған ортаның экологиялық зиянды заттармен ластануы, ағзада қажетті дәрумендердің, микроэлементтердің  болмауы немесе жетіспеушілігі (дұрыс тамақтанбаудан), балалар жұқпалы аурулары, созылмалы жұқпалар ошақтары (кариес, тонзилиттер, гаймориттер).

Үшіншіден, ағза реактивтілігінің төмендеуі салдарынан  туындайтын жиі суық тию ауруларыа шалдығу. Бұл аурулар арқылы баланың тыныс алу жолдарында жатқан тыныс алу эпителийінің кедергі жасау (қорғану) функциясы төмендейді, солндықтан туберкулез таяқшасы кедергісіз ағзаға енеді.

Төртіншіден, балаларда туберкулездің дамуына туберкулезге қарсы егу жүргізілмеу және егу тиімді болмау (сол иықта тыртық пайда болмау) жағдайлары ықпал етеді. Мұндай балалар жиі туберкулез ауруымен ауырады және ауру барысы ауыр жүреді.

Туберкулез таяқшасымен алғашқы кездесу әрқашан балалық шақта жұқтырып алу арқылы пайда болады. Жұқтырып алғандардың  туберкулез ауруына шалдығу қауіпі жұқтырмай ауырғандарға қарағанда 5-7 есе жоғары болады. Бүгінгі күні балалар арасында туберкулезді жұқтыру деңгейі айтарлықтай жоғары. Ауылдық жерде төмен болса, қалада – жоғары. Бұл жағдай ересек адамдар арасында туберкулез жұқпасының көп кездесуіне байланысты, ересектерден балалар жұқтырады, сондай-ақ экологиялық фактор да әсер етеді. Жұқтыру деңгейі туберкулез эпидемиологиясын тікелей көресетеді. Эпидемиологиялық жағынан қолайлы аудандарда жұқтыру деңгейі төмен болады.

Бүгінгі күні туберкулезді жұқтыру және ауырып қалу қаупіне «қауіп» тобындағы балалар, туберкулез жұқпасы бар ошақтарында тұратын, егу жұргізілмеген және БЦЖ вакцинасы арқылы тиімсіз егу алған, созылмалы өкпе аурулары бар және жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар шалдығады.

Балалар арасында кездесетін туберкулездің алдын алу жұмыстары көптеген компоненттерден тұрады. Біріншіден, бұл нәресте туған кезде және дәл перзентханада үйге шығарылуға дейін балаға міндетті түрде егу жүргізу. Бұл баланы туберкулез жұқпасынан қорғаудың бірден-бір ең тиімді шарасы. Алайда балаланың иммунитеті вакцина еккенен кейін бірден дамымайды, ағзаның егуге жауап реакциясын алу үшін кем дегенде 2 ай қажет. Сол себептен 2 ай барысында баланы қоршаған адамдар ортасынан оқшаулау қажет. БЦЖ вакцинасы баланы  100% жағдайларда қорғай алмайды, алайда тиімді егу алған балалар туберкулез ауруына сирек шалдығады, ал шалдықан кездің өзінде ауру жеңіл, әрі қолайлы өтеді.

Екіншіден, ауруды жұқтырып алған балаларды, әсіресе алғаш рет ауырған балаларды,  профилактикалық емдеу қажет, бұл емдеудің тиімділігі препараттарды үздіксіз ішуге, ұзақ қолдануға (3 айға дейін), дәрілерге жақсы бейімделуге және туберкулез таяқшасын қайталап  жұқтырып алу мүмкіндігінің болмауына байланысты болады.

Үшіншіден, ересек науқасты уақытында оқшаулау, яғни, туберкулездік байланысты үзу.  Туберкулез ауруына шалдығудың алдын алуда, әрине, ағзаны сауықтыруға бағытталған (қан аздықтың, гипотрофиялардың, суық тию аурулардың алдын алу)  шаралардың, яғни, бұл жұқпаға ағзаның қарсы тұру қабілетін жоғарылатуға бағытталған шаралар да үлкен рөль атқарады, өйткені, ағза енген жұқпаға барлық қорғану тетіктерін жинап, көптеген жағдайда туберкулездің микобактерияларын залалсыздандырады. Оған ауруды көп бала жұқтырып, олардың тек 10%-ы ғана ауруға шалдығатыны дәлел болады.

Туберкулез жұқпасы бар ошақтарда тұратын балалардың ауруға шалдығуы үлкен мәселе болып отыр. Сол ауданда туберкулез ауруына шалдығу қаупінің жоғары болуы тек санитарлық ағарту жұмысының төмен болуына, отбасындағы мәдениеттің және санитарлық-гигиеналық дағдылардың төмен болуына, әрі отбасындағы әлеуметтік және материалдық деңгейдің төмен болуына ғана байланысты бола бермейді, дегенмен бұл факторлар жұқпанынң таралуында үлкен рөль атқарады. Аурудың кейбір спицификалық ерекшеліктері де маңызды орын алады, өйткені туберкулез микобактериясының бала ағзасына енген сәтінен бастап  Манту оңды сынағы (жұқтыру) пайда болғанға дейін  жасырын биологиялық және аурудың алғашқы  клиникалық  белгілері туындайтын клиникалық кезең өтеді. Бұл кезеңдер бірнеше айдан бірнеше жылдарға дейін созылуы мүмкін. Ал жұқпа ошағында тұратын балалардың ауруға шалдығу қауіпі, әдебиет мәліметтері бойынша науқасты есептен алғаннан кейін бір жыл барысында сақталады.  Сондай-ақ қаладағы ауру ошақтары ауыл мен аудандардағы ошақтардан ерекшеленеді. Қалалық ошақ отбасы, пәтер, өндіріс орнымен ғана шектелмейді, науқастың көптеген байланыстарына (тұрмыстық, туыстық, миграциялық) қатысты кеңейеді. Осыған байланысты байланыс жасаған тұлғалар саны 30-дан астам адамды, ал көліктегі байланыстарды қосатын болсақ, 50 адамды құрауы мүмкін. Ересек адамдарда ауру белгілерінің пайда болуына дейін және ауруды анықтағанға дейін көп уақыт өтуі мүмкін екендігін ескеру қажет, өйткені сол уақыт аралығында бала ауруды жұқтырып алуы мүмкін, ал ол бала бойынан  тез арада көріне қоймайды, сондықтан алдын алу шараларының жартысы тиімсіз болып шығады, сол себептен науқаспен байланысқан тұлғалар арасында ауру әрқашан сақталады, алайда оны төмендету шаралары жүргізіледі.

Тоқ етерін айтқанда, айта кететін жәйт,  балалардың ауруды жұқтыру ошағы – ол ересек адамдар болып табылады, және алдын алу шараларының (дұрыс теңгерілмелі тамақтану, иммунитетті көтеру, шынықтыру, БЦЖ егу, химиялық профилактикалық  емдеу) маңыздылығы қаншалықты жоғары болғанмен, ересек науқасты уақытында анықтап, оларды оқшаулап, емдеу қамтамасыз етілмесе, барлық әдістер тиімсіз болады.

 

«Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК директордың емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары М.М.Халитова

Артқа
Яндекс.Метрика