Кіру
You can authorize on site with:
Google Vkontakte Mailru

Тұмау және жіті респираторлық вирустық жұқпаларының алдын алу шаралары.12.10.2017ж.

Бүгінгі таңда басқа жұқпалы аурулардың iшiнде тұмау әлеуметтiк мағынасы жағынан бiрiншi орында тұр. Жыл сайын дүние жүзінде 500 млн. астам адам тұмаумен ауырады.

Эпидемиялық маусымда уақытша жұмысқа қабiлетсiздiктің 80 пайызы жіті респираторлық вирустық жұқпалардың (әрі қарай –ЖРВЖ) және тұмау аурушаңдықтарына келедi.

            Тұмаудың тигізетін әлеуметтiк – экономикалық салдары да аз емес. Тұмау iндетi кезiнде мемлекет елеулi шығындарға ұшырайды, бұл өнеркәсiп тиiмдiлiгiнiң төмендеуiмен, сондай – ақ амбулаториялық және стационарлық емдеуге жұмсалатын қосымша шығындармен байланысты.

Тұмаудың асқыну жиілігінің жоғарылығы, сәбилер мен қарт адамдар өлімінің көбеюі, әлеуметтік–экономикалық шығындардың көбеюі өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Эпидемиялық болжауға сәйкес, алдағы iндеттiк кезеңде тұмаудың және басқа да ЖРВЖ аурушаңдықтарының көтерiлуi желтоқсан–қаңтар айларына, ал төмендеуi наурыз – сәуiр айларына келедi.

2016-2017 жылдардың эпидемиялық кезеңіңде тұмау вирустарының  В және А(H3N2) түрлері айналымда болды, ал биылғы эпидемиялық кезеңде В және А(H3N2),А (H1N1) түрлері айналымда болады деп болжануда.

Тұмау вирусының үнемі өзгеріп отыруына байланысты оған қарсы  қолданылатын вакцинаны жыл сайын алып отыру керек.

Әр адам аурудың алдын алу үшін дер кезінде екпе алуы туралы ойланғаны жөн, себебі тұмауға қарсы екпе алу, тұмау аурушаңдығының  деңгейін едәуір төмендетеді, ал ауруға шалдыққан күнде науқастарда ауру   тез және жеңіл түрде өтеді.

Жыл сайын тұмауға қарсы профилактикалық екпе егу қазан айынан басталады. Тұмауға қарсы екпе жиі ауыратын ересектерге, 65 жастан асқан қарттарға, сонымен қатар жүкті әйелдерге және 6 айға толған сәбилерге салынады.

Сіздерге тұмауға қарсы ақылы вакцина алу үшін жергілікті жерлердегі медициналық мекемелерге бару қажет, ал Өскемен қаласы бойынша-  

Тұмаумен көбiнесе оқушылар және егде тартқан адамдар жиі ауырады.

            Науқас адам тұмау ауруының көзi болып табылады. Науқас аурудың  алғашқы сағаттарынан немесе жасырын кезеңнiң соңынан бастап қоршаған адамдар үшiн қауiпті.

            Адам ағзасына тұмау вирусы жоғарғы тыныс алу жолдары арқылы түседі, тұмау - ауа – тамшылары арқылы таралатын жұқпалы ауру.

Ауру қоздырғыштары күнделiктi қолданылатын заттар, ыдыстар, iш киiмдер, орамал, сүлгі арқылы, оларды науқастан кейiн тiкелей қолданған жағдайда жұғады. Әсiресе емделмейтiн науқастар қауiптi болып табылады.

             Тұмаудың жасырын кезеңі өте қысқа, бірнеше сағаттан бастап 2-4 тәулікке дейін  ғана созылады.

             Аурудың алғашқы белгiлерi: дене қызуы көтеріледі, бас және бұлшық еттер ауырады. Қан тамырларының өткізгіштік қасиеті артады, соған байланысты ағзаларға қан құйылуы мүмкін. Аурудың клиникалық белгілері 2 күн ішінде өте жылдам дамиды: жөтел пайда болады, мұрын бітеледі, тамақ жыбырлайды.

            Жүрек-қан тамыр жүйелерінің, тыныс алу жолдарының, бүйрек ауруларының созылмалы ауруларымен және қант диабетімен  ауыратын  адамдарда тұмау ауыр жүреді, әртүрлі асқынуларға әкеліп соқтыруы мүмкін.

             Сондықтан аурудың алғашқы белгілері байқалғанда өздіктеріңізден ем қабылдамай, бірден дәрігерге қаралу керек және келесі іс-шараларды  жүргізуге кеңес береміз:

  1. науқасты  отбасындағы адамдардан оқшаулау;
  2. желдеткішті жиі-жиі ашып, бөлменің ауасын тазартып отыру;
  3. науқасқа жеке ыдыс, күнделікті қолданатын заттар, төсек-орын жабдықтарын және т.б. бөліп беру;
  4. науқастың ыдысын мұқият жуғаннан кейін, қайнап тұрған сумен  міндетті  түрде шаю, жататын бөлмені күнделікті жуып отыру қажет;
  5. отбасындағы басқа адамдарға жұқтырмас үшін бетперде кию қажет;
  6. құрамында ауру қоздырғыштарын жоятын фитонцидтер бар сарымсақты, пиязды, лимонды пайдалану қажет.

Аурудың  алғашқы күндерінде жатып емделу қажет, тұмау вирусының  уытын(токсиндер) шығару үшін жылы дәрумендік сусындарды: итмұрынның, қарақаттың тұндырмаларын, таңқурай және т.б. жидектерден   дайындалған сусындарды жиі-жиі ішу қажет.

Қыс мезгілінде иммундық қорғаныс күшті көтеретін витаминдер мен минералдарды алдын ала алып қойған дұрыс.

            Тұмау індеті кезінде мәдени–бұқаралық іс-шараларға, кинотеатрларға, кітапханаларға баруды қысқарту керек.

             Тұмау індеті кезінде әрбір ата–ана өз баласының денсаулығын күнделікті қадағалап отыруы қажет, егер баланың ыстығы көтерілсе, оларды  мектепке дейінгі мекемелерге және мектептерге жібермеу керек, үйде қалдырып, дереу дәрігерді шақыру қажет.

            Жаз-күз айларында шынығудың, тамақты суық сумен шаюдың, жалаң аяқ жүрудің, салқын сумен жуынудың, бассейнде жүзудің мәні зор.

            Балалармен көбірек таза ауада күніне 2 рет қыдыруға тырысыңыз,«жөтелу этикетін» сақтаңыз (жөтелгенде, түшкіргенде және аурудың алғашқы белгілері білінгенде жеке қол орамал қолдану).

             Осы айтылған кеңестерді қатаң сақтайтын болсаңыз, онда тұмаумен ауырмайсыздар немесе ауру жеңіл түрде өтеді.

Ауруды емдегеннен –оның алдын-алу әлдеқайда тиімді!

 

Артқа
Яндекс.Метрика