Анемия — қан көлемінің бірлігінде эритроциттер санының азаюы және гемоглобин деңгейінің төмендеуі сияқты белгілері тән болатын ағза жағдайы.
Балалар темір тапшылығы анемиясымен жер шарындағы балалардың жартысына дерлігі ауырады.
Жүкті әйелдер арасында темір тапшылығы анемиясы 21-80%-да, ал жасырын темір дефициті одан да жиі 49-99% жағдайда кездеседі. Егер құрсақтағы нәресте анасынан темірді аз мөлшерде алатын болса, онда оның постнаталды өмірінің ең алғашқы мерзімінде экзогенді темірге деген тапшылығы күрт ұлғаяды. Шала туған балалардың 100%-ға жуығы дерлік темір тапшылығы анемиясына шалдығады. Сонымен қатар уақытында туған балаларда анемия туған кездегі дене салмағына байланысты пайда болуы мүмкін. Дене салмағы 3 кг төмен балалардың 50%-да анемия дамиды.
Балалар өмірінің алғашқы екі жылында алиментарлық темір тапшылығы дамиды. Осы жағдайды анемиямен ауыратын 1000 бала мысалында зерттеген кезде балалардың 51,3%-ы теңгерімсіз жасанды түрде, 30,3%-ы – аралас түрде тамақтанатыны, 86,8%-ы 4-тен астам рет суық тиіп ауырғаны анықталды.
Омырау сүті мен сиыр сүті өсіп келе жатқан ағзаны темірмен толық қанағаттандыра алмайды. Темірге деген мұқтаждығын толықтыру үшін бала тәулігіне 15 литрге жуық сүт ішуі тиіс. Ауыр темір тапшылығы анемиясының туындауының жиі кездесетін себептерінің бірі – ол балаға тәулігіне 1-1,5 л сүт немесе айран ғана беру, бір немесе бірнеше ай балаға басқа тамақ бермеу. Мұндай әрекет балалар ағзасында темір тапшылығын тудырады. Сол себептен баланы барлық азық-түлік түрімен, оның ішінде темірден тұратын азықпен теңгерімді түрде тамақтандыру қажет.
Алиментарлық темір тапшылығы жоғары жастағы балалардың дамуында да маңызды рөль атқарады. Көбінесе балалар сүтпен және нан тағамдарымен тамақтанады, ал ет өнімдері, көкөніс пен жемістер шектеулі түрде пайдаланылады. Балалар анемиясының көбеюінің себебі акселерацияға, туған кезде балалардың бойы мен салмағының жоғары болуына, сонымен қатар дене салмағының ерте кезде ұлғаюына, яғни, темірге деген мұқтаждықтың өсуіне, осылайша темірдің эндогенді қорын тез арада пайдалануына байланысты болуы мүмкін. Темірге деген жоғары тапшылық балаларда препубертатты және пубертатты жаста пайда болады (темір тапшылығы ағзаға түсетін темір мөлшерінен асып түскен кездегі бала бойының тез өсуі тұсында).
Темір тапшылығы анемиясының дамуының басқа себептері қан жоғалтуға байланысты болады. Қан жоғалту ішекті паразиттік құрттар зақымдаған кезде, асқазан-ішек аурулары, ішектің сіңіру қабілетінің бұзылуы, созылмалы іріңді инфекциялар туындағанда пайда болуы мүмкін.
Темір тапшылығы анемиясының дамуы ағзаға қандай қауіп төндіреді? Темір тапшылығы анемиясы кезінде ағза тіндеріне өттегі жетіспейді, темірдің жетіспеушілігінен кейбір ферменттердің белсенділігі бұзылады. Басқа анемия түрлеріне қарағанда темір тапшылығы анемиясы кезінде гипоксия туындайды, өйткені, темір тапшылығы ағзада гемоглобиннен тіндерге өттегіні беруді қалыпқа келтіретін компенсаторлық тетіктерді іске қосады. Гипоксия бала ағзасының барлық өсу қызметіне әсер етеді. Нәтижесінде жүрек бұлшықеті, бауыр, ішек қызметі күйзеледі, жасушалық иммунитет бұзылады.
Темір тапшылығы анемиясының негізгі белгілері (анемиялық, сидеропеникалық). Тері жамылғысы мен шырышты қабықтардың бозаруы. Тәбеттің болмауы, қалыптан тыс әуестенушіліктің туындауы (еттен бас тарту, бор, ізбес, топырақ, саз жеуді қалау), ащы иістерге құмарлық (керосин, бензин, ацетон). Тері мен оның туындыларының трофикалық өзгерістері – тырнақ, шаш. Шаш сынғыш, күңгірт, «талшық» тәріздес болады, шаш түседі. Тырнақ сынғыш, жайпақ, ортасында латералды және соңғы жақтары көмкерілген, қасық пішінді болады.
Темір тапшылығы орталық нерв жүйесіне әсер етеді – эмоциялық тонус және көңіл-күй түседі, әрекет өзгереді: жылауықтық, ашуланшықтық, қыңырлық туындайды. Қоршаған ортаға, сабаққа қызығушылық жоғалады.
Темір тапшылығы кезінде энтеропатияның пайда болуы ішектің сіңіру қабілетінің, жұтудың бұзылуын, жүректің айнуын, құсу, дәреттің бұзылуын тудырады.
Темір тапшылығы анемиясы ауруының алдын алу.
Балалар темір тапшылығы анемиясының алды алу антенаталды түрде жүргізіледі. Жүкті әйелдерге темір препараты жүктіліктің екінші жартысында аз мөлшерде және ұзақ мерзімге беріледі. Сондай-ақ емізу кезінде де сол мөлшерде қолданылады.
Балалар темір тапшылығы анемиясының даму қауіпі бар тобына кіретін балаларды анықтау қажет. Ең алдымен бұл шала туған, дене салмағы 3 кг төмен, сондай-ақ дене салмағы 4 кг астам, көп балалы жүктіліктен туған, терісінде және шырышты қабаттарында аллергиясы, ішек және тыныс алу мүшелері аурулары бар балалар болады. Мұндай балаларды 6 айынан темір препаратымен емдеу қажет.
Жоғары жасқа келгенде тамақтану режімін сақтау және дұрыс тамақтану керек екендігін есте сақтау жөн.
Ата-аналар балаларда сидеропеникалық белгілердің – тері мен оның туындыларының трофикалық өзгерістеріне, диспептикалық бұзылыстардың – дәм сезудің бұзылуына, жүрек айну, құсу және т.б. пайда болуына сақ болуы тиіс.
Темір тапшылығы анемиясының (ТТА) белгілері туындаған кезде уақытында дәрігерге жүгініп, білікті көмек алу қажет.
«Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК балалар гематолог дәрігері Фаустова Елена Ароновна.