Міне, босану азабы, қиналу артта қалды, омырауда сүт пайда болды, дегенмен, жас ананы қобалжытатын ойлар туындайды, атап айтсақ, мысалы, ананың ішкен дәрілері нәрестеге омырау сүті арқылы қандай әсер береді деген мәселе аналарды мазалайды. Оның себебі, өкінішке орай, барлық аналардың дені сау бола бермейді, дәрі-дәрмек ішуге тура келеді. Нәресте ағзасына дәрі-дәрмектердің жағымсыз әсері келесі факторлар арқылы анықталады: 1) дәрінің уыттылығы; 2) бала ағзасына енген дәрі мөлшері; 3) дәрінің баланың жетілмеген мүшелеріне әсер ету ерекшеліктері; 4) дәріні бала ағзасынан шығару ұзақтығы; 6) баланың дәл осы дәріге деген жеке өзіндік сезімталдығы; 7) аллергиялық реакциялардың даму қауіпі.
Кеңінен қолданылатын дәрілердің көпшілігі ағза мүшелеріне және тіндеріне әсер ететіндей уытты болмайды. Сол себептен, көптеген жағдайда, дәрі қабылдау арқылы емделу кезінде омыраумен емізуді жалғастыруға рұқсат етіледі.
Омыраумен емізу кезінде дәрі қабылдайтын аналардың емізу уақыты мен дәрі ішу уақытын кезекпен қолданғаны дұрыс болады. Яғни, дәрінің қан құрамында анағұрлым көп шоғырлануы кезінде омыраумен емізбеу керек.
Омыраумен емізу кезінде дәрі-дәрмек қабылдайтын аналар дәрі арқылы туындайтын жанама әсерлердің бала ағзасында да пайда болу мүмкіндігі туралы есте сақтағаны жөн.
Егер дәрілік құралдардың балаға тигізетін әсері жоғары болса, онда омыраумен емізуді уақытша тоқтату қажет және сүттің түзілуін жалғастыру үшін омырауды сауып отыру керек. Емделу аяқталғаннан кейін аналар омыраумен емізуді жалғастыруы тиіс. Уыттылығы жоғары антибиотиктермен емделу аяқталған кезде соңғы дәрінің қабылдауынан кейн 24 сағаттан соң омыраумен емізуге болады. Ал радиоактивті дәрілерді қолданған кезде омырау сүті құрамында радиоактивті заттардың әсері 3 күннен 2 аптаға дейін сақталады.
Омыраумен емізу кезінде әртүрлі дәрілер топтарын қолдану ерекшеліктері:
Омыраумен емізу кезінде қолдануға тыйым салынатын дәрілер: Цитостатиктер мен радиоактивті дәрілік құралдар (ісіктерді және аутоиммунды ауруларды, ревматоидты артритті емдеуге арналған дәрі-дәрмектер). Бұл дәрілер иммунитетті төмендетіп, жасушалардың бөлінуіне кедергі жасайды. Бұл дәрілерді қолданған кезде омыраумен емізуді тоқтату қажет.
Антибиотиктер әртүрлі жұқпалы қабыну ауруларын емдеу кезінде қолданылады. Пенициллиндер, цефалоспориндер, макролидтер, аминогликозидтердің әдетте омыраумен емізу кезінде әсері жоғары болмайды. Бұл антибиотиктер омырау сүті құрамына аз мөлшерде енеді, сондықтан бала ағзасына көп әсер ете қоймайды.
Макролидтер (эритромицин, сумамед, вильпрофен және т.б.) сүт құрамына көп мөлшерде енгенімен, оларды омыраумен емізу кезінде қолдануға рұқсат етіледі. Алайда, бұл кезде аллергиялық реакциялар, ішектің қалыпты флорасының бұзылуы (диарея), саңырауқұлақтардың пайда болуы (кандидоз – ауыздың уылуы) сияқты асқынулардың даму қауіпі болады. Бала ағзасында дисбактериоздың туындауының алдын алу үшін балаға пробиотиктер береді (Бифидум, Бактерин, Линекс). Нәрестеде аллергиялық реакциялар пайда болған жағдайда бұл антибиотикті ішуді тоқтату қажет немесе уақытша омыраумен емізуді доғару керек.
Тетрациклиндер, сульфаниламидтер (Бактрим, Бисептол және т.б.), Метронидазол, Клиндамицин, Линкомицин, Ципрофлоксацин омырау сүті құрамына көп мөлшерде енеді және бала ағзасына жағымсыз әсері жоғары болады. Сондықтан омыраумен емізу кезінде бұл дәрі-дәрмектерді қолдануға тыйым салынады. Тетрациклиннің балаға жанама әсері – баланың өсіп-жетілуін тежейді, сүйек тіні және тіс эмалінің дамуына кедергі жасайды. Клиндамициннің жанама әсері – асқазан-ішектен қан кету қауіпін тудырады. Левомецитиннің жанама әсері – сүйек миына уытты зақым келтіреді, жүрек-тамыр жүйесіне жағымсыз әсер етеді.
Антигипертензивті дәрілік құралдар гипертония кезінде пайдаланылады.
Омыраумен емізу кезінде Дибазол, Допегит, Верапамил сияқты дәрілерді абайлап қолданған жөн.
Омыраумен емізу кезінде қолдануға тыйым салынатын дәрілік құралдар: Кордафлекс, АНФ ингибиторлары (Энан, Канотен), Диазоксид, Резерпин.
Аллергияға қарсы антигистаминді құралдарды омыраумен емізу кезінде ішуге болады. Атап айтқанда, Цетиризинді, Лоратадинді қолдануға болады. Баланың ұйқышылдығын тудыратын 1-ші буынға жататын дәрілерді (Супрастин, Тавегил) қолдануға болмайды. Эриусты қолдануға тыйым салынады.
Антитиреоидты дәрілік құралдар қалқанша без ауруларын емдеу үшін қолданылады. Бұл дәрілерді омыраумен емізу кезінде баланың жағдайын бақылай отырып, абайлап қолдану керек. Өйткені, олар баланың қалқанша безі қызметін төмендетуі мүмкін.
Сальбутамол, тербуталин, фенетерол дәрілерін омыраумен емізу кезінде қолдануға рұқсат етіледі. Дегенмен, бұл дәрілерді қолданған кезде де баланың жағдайын бақылау қажет, өйткені олардың жанама әсері – баланың қозуы, жүрек соғуының жиілеуі.
Гормондар (преднизалон, дексаметазон, гидрокортизон) аутоиммунды ауруларды емдеу үшін пайдаланылады (ревматоидты артрит, қосылғыш тіннің жүйелі аурулары, аутоиммунды гепатит және бүйрек безі зақымданғанда туындайтын т.б. аурулар). Гармондарды омыраумен емізу кезінде ішуге рұқсат етіледі.
Алайда, оларды 10 күннен астам қолданған кезде омыраумен емізуді жалғастыру мәселесі бойынша әр ана үшін жеке шешім қабылданады. Егер бұл дәрілерді ұзақ уақыт және жоғары мөлшерде қолдану қажет болған жағдайда омыраумен емізуді тоқтату қажет.
Парацетамолды омыраумен емізу кезінде әдеттегі мөлшерде ғана ішуге рұқсат етіледі (3-4 тәулікте 1 таблеткадан, 2-3 күннен артық емес мерзімде). Парацетамолды артық мөлшерде және ұзақ уақыт қолдануға болмайды, өйткені ол баланың бауыры мен қанына жағымсыз әсер етеді.
Контрацептивтер. Омыраумен емізу кезінде құрамында прогестероны бар дәрілерді қолдануға рұқсат етіледі, ал басқа контрацептивтерді ішуге тыйым салынады.
Қақырық түсіретін дәрілер. Амброксол, Бромгексин, АЦЦ дәрілерін омыраумен емізу кезінде қолдануға болады. Пре-және пробиотиктарды (Линекс, Хилак форте және т.б.) омыраумен емізу кезінде қолдануға рұқсат етіледі.
Атап өтетін болсақ, біздің Ана мен бала орталығында барлық қолданылатын дәрі-дәрмек құралдары ана мен бала ағзасына қауіпсіз болып табылады, біз дәрілік құралдарды қолдануды азайтуға тырысамыз, тек ең қиын жағдайларда ғана науқас анаға омыраумен емізу кезінде тыйым салынатын дәрілер тағайындалады. Және ең маңызды кеңес - өздігінен дәрі ішуге болмайды, әсіресе, омыраумен емізетін аналар мұндайда абай болуы тиіс.
Сіздерге және Сіздердің бөбектеріңізге мықты денсаулық тілейміз!
Акушер-гинеколог дәрігері Нұғманова М.К.
№2 перзентхананың меңгерушісі Маркашова М.Б. тексерді.