Жалпы ақпарат
Балаларда жалпы аурулар салдарынан пайда болатын көз мүшесінің патологиялық өзгерістері шамамен 50-60%-ды құрайды. Көптеген жалпы аурулардың салдарынан туындайтын көру мүшесінің аурулары көп уақыт байқалмайды. Олардың кейбіреуі көз алмасының құрылымында күрделі морфологиялық өзгерістер тудырады және көру қабілетін төмендетеді, дұрыс көрмеуге, кейде соқырлыққа соқтырады. Мұндай өзгерістер туа біткен зат алмасу, инфекциялық аурулар, сондай-ақ жалпы аурулар салдарынан пайда болады. Алайда балаларда мұндай аурулардың өзіндік ерекшеліктері болады.
Өскемен қаласы «Ана мен бала орталығының» кеңес беру емханасында амбулаторлық офтальмологиялық орталық қызмет етеді. Орталықта аталған аурулары бар балаларды басқа мамандар қарайды, қажет болған кезде емдейді, қосымша кеңес береді. Жыл сайын орталықта 5200 бала қаралады, оның көпшілігі алыстан көрмеушілік, астигматизм, жақыннан көрмеушілік, бастапқы қылилық және т.б. сияқты көз ауруларымен жүгінеді. Сонымен қатар жалпы аурулардың салдарынан пайда болған көз аурулары да жиі кездеседі. Олардың ішінде зат алмасудың бұзылуы нәтижесінде, негізінен – қантты диабет кезінде пайда болатын көз аурулары ерекше орын алады. Қантты диабет – ең жиі кездесетін эндокринді аурулардың бірі (тұқым қуалау арқылы берілу 55%-ға дейін кездеседі). Эндокринді аурулардың ішінде диабет көз ауруларын жиі тудырады, дұрыс көрмеуге және соқырлыққа ұшыратады. Қантты диабет көз алмасының барлық бөліктеріне және қосалқы аппаратына әсер етеді. Бұл - созылмалы, қайталана беретін теріскендер, блефариттер, тамырлардың кеңеюі арқылы көрінетін конъюктивте туындайтын өзгерістер, тез дамитын транзиторлық алыстан көрмеушілік, конъюктивте және көз торқабығында қанталаудың туындауы. Балаларды уақытында емдеген кезде осы өзгерістер жойылып кетеді, бұл өте маңызды жәйт. Сондай-ақ инфекциялық аурулар салдарынан да көз аурулары туындайды. Қызылша кезінде аурудың екінші күні тері бөртуінің алғышарты ретінде жарықтан қорқу, көз алмасының жеңіл конъюктивтік инъекциясы сияқты симптомдар пайда болады. Аурудың 4-5-ші күні терінің бөртуі кезінде жарықтан қорқу күшейеді, көзден шырыштың бөлінуі, қызаруы байқалады. Көкжөтел кезінде қатты жөтел салдарынан конъюктивте, сирек кезде көздің торқабығында қанталау пайда болады. Жәншау кезінде дене қызуы көтеріліп, көз ауруының симптомдары туындайды. Желшешек кезінде жіті конъюктивит туындайды, көздің шеттерінде, конъюктивте желшешектің іріңді бөртпелері пайда болады. Эпидемиялық паротит кезінде дакриоадениттер немесе көз жасы бездерінің қабынуы пайда болады. Көз қызарып, ісіп кетеді, көз қуысы S-тәріздес кейіпке енеді. Мұндай жағдайларда балалар бейінді мамандарға жолданады.
Көздің түбін қарау немесе офтальмоскопия – пациент шағым жасамаса да офтальмолог дәрігері жүргізетін міндетті қызметтердің бірі. Эндокриндік, неврологиялық, нейрохирургиялық аурулармен ауыратын науқастар көздің түбін тексертуге жолданады. Бұл мидың тамыр жүйесінің анатомиялық ерекшеліктеріне байланысты, көздің түбін «миға шығатын терезе» деп бекер айтпайды. Жыл сайын біздің кабинетте 730-750 баланың көзінің түбі тексеріледі.
Екінші гипертониямен ауыратын балалардың көзі ерте кезден бұзыла бастайды. Мектеп оқушыларының 10% -да жоғары артериялық қысым байқалады, жоғары артериялық қысымы бар науқастардың жалпы санынан алғанда 40% -ы симтоматикалық гипертониямен ауырады. Бүйрекбездің ісігі – феохромоцитомамен (хромадофинома), бүйректің ауыр патологиясымен ауыратын екінші гипертониясы бар балалардың көру қабілеті төмендейді. Мұндай аурулар пайда болған кезде балалар емделу үшін бейінді маманға жіберіледі.
Неврологиялық аурулар салдарынан туындайтын көз аурулары ерекше назар аудартады. 2016 жылдың екінші жартыжылдығы ішінде біздің емханада көру жүйкесі дискісінде ісіңу пайда болған 3 науқас бала емделді. Толық тексеруден кейін бұл балалардың миында ісік анықталды. Бұл патологияның уақытында анықталуы балаларға уақытында нейрохирургиялық көмек көрсетуге және асқынуларға жол бермеуге мүмкіндік берді. Осы балалардың екеуінің көру қабілеті қалпына келді.
Осылайша, ата-аналар үнемі балалардың көзіне қарап, олардың аздаған шағымдарына көңіл бөліп, балаларды жоспарлы тексерулерден өткізуі тиіс, өйткені аталған симптомдар дереу емдеуді талап ететін жалпы аурулардың белгілері болуы мүмкін.
«Ана мен бала орталығының» офтальмолог дәрігері А.Б.Байышева.