Кіру
You can authorize on site with:
Google Vkontakte Mailru

Бедеу неке02.08.2016ж.

 

Бедеу неке –бір жыл барысында контрацепция әдістерін қолданбай, тұрақты жыныстық өмір сүретін және  бала туа алатын жастағы зайыптыларда жүктіліктің жоқтығы.

Соңғы жылдары бедеу неке санының өсуі байқалады. Бедеу некелердің көбею себептері әртүрлі болып келеді.

Бүгінгі күні бедеу некелер саны 10-нан 20 %-ға дейін ауытқып отыр, бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының  анықтамасы бойынша мәселенің мемлекеттік деңгейін көрсетеді.

Бедеу некелердің нақты саны дәрігерлерге жүгінгендер туралы мәліметтерге қарағанда екі есе көп. Бедеулікке апаратын гинекологиялық аурулары бар әйелдердің барлығы дерлік мамандарға қаралмайды. Әйтпесе аталған ауруларды уақытында анықтау  және емдеу бала тууды 10-30-%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берер еді. Бұл жәйт патологияларды белсенді анықтаудың рөлін айғақтай түседі.

Орын алып отырған экономикалық, экологиялық және әлеуметтік жағдайға байланысты қазіргі қоғамда аз балалы отбасы құру ұстанымы қалыптасты, алайда халықтың оңды өсімі үшін отбасында кем дегенде үш бала болуы қажет. Сол себептен бүгінгі күні халықтың төмен өсімі байқалады. Бала туудың төмендеуінің маңызды себебі бедеу некелердің көбеюі болып табылады. Оларды жою арқылы бала тууды 7-10%-ға дейін көбейтуге болар еді. Бұл үшін бала туу жүйесі ауруларының алдын алуды дамыту керек.

Зайыптылар бедеулігі құрылымында шамамен алғанда 75% - әйелдер, 45%- еркектер, 22%- екеуінің бедеулігі орын алады. Яғни, зайыптылардың екеуін де тексеру және емдеу керек, ер адамдарға да көңіл бөліп, андрологиялық қызметті гинекологиялық қызметпен біріктіріп, көп бейінді орталықтар құру қажет.  97,9% жағдайларда бедеулік себебін анықтауға болады, яғни, қазіргі кездегі диагностика арқылы емдеуге де болады. Осы тұста патологияларды белсенді анықтау және диагностикалық қызметті жетілдіру, сонымен қатар халықтың өз денсаулығына немқұрайды қарамай, дәрігерге жүгінуді көбейту мақсатында медицина ұйымдарына сенімділікті күшейту маңызды болып табылады.

Бедеулік құрылымында зайыптылардың екеуінің қабыну аурулары, әйелдердің эндокриндік патологиясы, ер адамдардың варикоцеле және зайыптылардың иммунологиялық сәйкессіздігі негізгі рөль атқарады. Осы себептерді білу дұрыс диагностикалық тексеруден өтіп, бедеулік себептерін уақытында жоюға мүмкіндік береді. Әйел адамдардың қабыну ауруларының салдары жатыр түтіктерінің өткізбеуін, тарылуын тудырады және 30 %-ға дейін бедеулік себебін құрайды. Бұл патологияны емдеу қиындық тудырады, сондықтан жыныстық жүйенің қабыну ауруларының алдын алу және уақытында тексеру қажет (диспансеризация және профилактикалық тексерулер тиімділігін арттыру, халықтың медициналық сауатын өсіру қажет).

Жыныстық мүшелердің қабыну ауруларының 38% қоздырғыштары – хламидиялар, 25 % - микоплазмалар болып табылады. Созылмалы ауру белгілерінің көзге көрінбеуі және емдеу қиындығы қауіп тударыды. Бұл аурудың соңы – бедеулік, оның ішінде «түсініксіз генез» деп аталады.

Бұл мәселе зерттеуді және шешім қабылдауды талап етеді, өйткені оның өзектілігі дәлелденіп отыр.

Біздің елімізде жыныстық мүшелердің қабыну ауруларының саны көп, олардың бедеулік құрылымындағы рөлі үлкен болып табылады, алайда әлемде бұл ауруларды анықтау және олармен күресу жолға қойылып отыр. Бұл бедеулікке қарсы күресті жақын арада дамытуға мүмкіндік береді.

Ер адамдардың бала кезінде ауырған ауруларының, оның ішінде  жіті респираторлық вирусты жұқпалары, диспепсиялар, қызылша ауруларының болашақта бедеулік тудыратын әсері анықталды. Бұл бала кезінде туындайтын инфекциялық ауруларға көбірек көңіл бөлуді, олардың алдын алуды, тексеруді және емдеуді талап етеді.

Иммунологиялық сәйкессіздік бедеуліктің басқа себептерімен үйлесуі мүмкін. Бедеулік себептері жойылса да, иммунологиялық сәйкессіздік сақталады, ал бұл емдеудің тиімділігін жояды. Сондықтан бедеуліктің қандай себептері орын алса да, әйел адамдардың антиспермалық антиденелерін анықтау қажет. Екінші мәртелік бедеуліктің негізгі себептері аборттан кейінгі қабынулар болып табылады. Әсіресе алғашқы жүктілік абортының салдары аса ауыр болады. Сондай-ақ аборттар үлкен экономикалық нұқсан келтіреді. Екінші мәртелік әйелдер бедеулігінің алдын алу аборттарға қарсы күреске, контрацепция құралдарының тиімділігі мен қолжетімділігін ұлғайтуға, жастардың медициналық сауатын арттыруға, өнегелік және сексуалды мәдениетті дамыту мақсатымен отбасы мен мектептерде балаларға тәрбие беруге бағытталуы тиіс.

20-29 жас тобындағы бедеу болып табылатын әйелдер – бала туу үшін ең қолайлы жастағы әйелдер болып табылады. Жастарға көп көңіл бөліп, патологияларды белсенді анықтау қажет.

Кәсіби факторлардың, қоршаған орта зияндығының бедеулікті тудыруға әсер етуі  дұрыс еңбек жағдайын тудыруға зейін қоюды, санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтауды, кәсіпорында акушер-гинекологтың белсенді жұмыс жүргізуін, профилактикалық тексерудің тиімділігін арттыруды, статистика жүргізуді және өндірістің зиянды факторларының бала туу жүйесіне әсерін зерттеуді талап етеді. Бедеулік қауіпі туралы жеке бір адам үшін болжам жасауға болады, яғни, бедеуліктің дамуын шамалап бағалауға, тиісінше оның алдын алуға, диагностикалық тексерудің бағытын тарылтып, адамды диспансерлік бақылауға алуға болады және т.б. Бедеулікті нақты емдеудің тиімділігі өте аз (әйелдерде - 10%, еркектерде – 5-7%). Бедеуліктен емделген әйелдерде жүктілік пен босану кезінде асқыну ауруларының туындау қауіпі жоғары болады. Бұл бедеуліктің алдын алудың маңыздылығын тағы айғақтай түседі, сонымен қатар, емделіп кеткен (жүкті болған) әйелдерге бақылауды күшейтуді, бедеулікті емдеу қызметі мен емделіп кеткен әйелдерге босануға көмек көрсету қызметін біріктіруді, жүктілік пен босану кезіндегі асқыну ауруларының алдын алу мүмкіндігін іздеуді талап етеді.

Некедегі бедеулікке қарсы күрестің ең тиімді әдісі оның алдын алу болып табылады. Бедеулікті емдеуге қарағанда бедеуліктің алдын алу бала тууды көбейтіп қана қоймайды, сондай-ақ, жүктілік пен босану кезіндегі асқыну ауруларының санын азайтады, отбасындағы психологиялық келіспеушіліктердің салдарына, ажырасуларға, ауқымды экономикалық нұқсандарға шек қояды, медициналық қызметтердің жұмсайтын күші мен қаржысын азайтуға мүмкіндік береді.

Халықтың, әсіресе жастардың медициналық және сексуалды сауаттылығын тәрбиелеу, ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету, құпиялылықты сақтау, контрацепция тиімділігі мен оған қолжетімділікті арттыру және жеке профилактика жүргізу – бұл денсаулық сақтау және медицинаға сенім арту ұстанымын тәрбиелеу.

Медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруда әйел және ер адамдарды сатылап және бірге тексеру үлкен рөль атқарады.  Бұл үшін әрекеттегі барлық қызметтердің өзара байланыста жұмыс жүргізуі, білім алуда және емдеуде бірізділіктің болуы, осы желінің бастапқы буынының маңызын арттыру, ал болашақта – батыс елдердің мысалында психологтар мен заңгерлердің қатысуымен оны бірыңғай көп бейінді орталықтарға біріктіру қажет болып табылады.

1. Бедеу неке мәселесі бүкіл әлемде өзекті болып отыр. Оны ары қарай зерттеп, оны шешудің нақты жолдарын іздеу қажет.

2. Бедеу некенің алдын алу:

3. Балалар мен жасөсіпірімдердің жыныстық дамуында ауытқушылықтарды уақытында анықтау.

4. Ағзаның бала туу қызметіне жағымсыз әсер ететін аурулардың алдын алу.

5. Аборттарға қарсы белсенді күресу.

6. Халық арасында тиімді контрацепция әдістері мен құралдарын қолдану ұстанымын қалыптастыру.

7. Жастарға жыныстық және гигиеналық тәрбие беру.

8. Баласы жоқ бала туа алатын жастағы әйелдердің патологияларын белсенді анықтау, кеңес алуға жолдау, бала туу қызметі жағдайын нақтылау.

9. Уақытында анықтау, диспансерлік есепке алу, толық тексеру және емдеу.

 

Ана мен бала орталығы КДБ меңгерушісі – Мукушева Динара Назиолдановна

Дәрігер-интерн: Камзина Зәуре Жексембаевна

Артқа
Яндекс.Метрика