Полная версия сайта Каз

Портал управления здравоохранения Восточно-Казахстанской области

8(7232) 701-131

г.Усть-Каменогорск, пр.Ауэзова 26

Балалардың жіті ішек жұқпаларының алдын алу15.06.2016ж.

Балалардың жіті ішек жұқпалары (ЖІЖ) туындау жиілігі бойынша жіті вирусты аурулардан кейін екінші орында тұр.

2015 жыл барысында Өскемен қаласы Ана мен бала орталығының инфекциялық бөлімшесінде жіті ішек жұқпасынан 544 бала, 2016 ж. басынан 206 бала емделді.

Ішек жұқпалары бактериялар мен вирустар арқылы туындайды және, әдетте жоғары температура, құсу және іш өту белгілерімен сипатталады. Бұл ауру ауа және тамшы, тамақ, су, нәжіс пен құсу немесе тұрмыстық жағдайда байланыс жасау жолымен жұғады.

Бактерия арқылы туындайтын ішек жұқпалары арасында анағұрлым көп таралғандары дизентерия, сальмонеллез, коли-жұқпа немесе шартты-патогенді флора әсерінен (клебсиелла, алтын стафилококк, энтеробактерия және т.б.) пайда болған аурулар. Ішек жұқпалары арасында ротавирус пен энтеровирус аурулары жиірек кездеседі.

Вирусты ішек жұқпаларын бірден маусымдық аурулар деп айта салуға болмайды. Мерзім сайын – қыста да, жазда да бұл жұқпалар өршіп отырады. Алайда, ротавирусты жұқпалардың таралуы суық мерзімде, қарашадан сәуір айына дейін байқалады. Ал энтеровирусты жұқпалардың орташа өршу кезеңі, керісінше, статистика бойынша жаздың аяғында және күздің басында – ашық су қоймаларына суға түсу және жеміс-жидектің пісуі мерзімінде туындап отырады. Осы себептерге байланысты жазда бактериялық ішек жұқпалары да жиі кездеседі. Ең алдымен, бұл - дизентерия, ал коли-жұқпаға келетін болсақ, бұл ауру «саяхатшылар диареясы» деген біршама бейнелі атауға ие болса керек (коли-жұқпасы, әдетте жол жүру барысында санитарлық-гигиеналық ережелерді орындау мүмкіндігі тапшылығынан пайда болады).

Жіті ішек жұқпаларының арнайы алдын алу әдісі, яғни екпесі жоқ, сондықтан жұқпаның алдын алу жауапкершілігі толығымен ата-аналарға артылады. Ішек жұқпаларының алдын алу үнемі жүргізіліп отыруы тиіс. Оны қалай жүргізу қажет? Ол үшін азық-түлік пен ауыз судың сапасына қатаң бақылау жасау, сондай-ақ жеке гигиена ережелерін орындау керек.

  1. Қауіпсіз азық-түлік түрлерін таңдау. Жеміс-жидек пен көкөніс сияқты көптеген азық-түлік түрлері  шикі күйінде желінеді, ал кейбір тағам түрлері алдын ала өңдеуді талап етеді. Мысалы, әрқашан шикі сүт емес, пастерленген сүт сатып алу қажет. Азық-түлікті сатып алған кезде оларды өңдеп тазалаудың мақсаты – тағамды қауіпсіз етіп, оның сақтау мерзімін ұзарту екенін есте сақтаңыз. Шикі күйінде пайдаланылатын тағамдарды мұқият тазалау және жуу қажет.
  2. Тағамды аяғына дейін толық пісіру керек. Көптеген шикі азық-түлікте, әсіресе құстың еті, малдың еті және сүтте патогенді микроағзалар жиі кездеседі. Қайнату (қуыру)  кезінде бактериялар жойылады.
  3. Пісірілген тағамды дереу жеу қажет. Пісірілген тамақ бөлме температурасына дейін суыған кезде оның құрамындағы микробтар көбейе бастайды. Тамақ қаншалықты суыған күйінде көп тұрып қалса, соншылықты тамақтан улану қауіпі арта түседі. Өзіңізді аман сақтап қалғыңыз келсе, тамақ пісіп болғаннан кейін оны  бірден жегеніңіз дұрыс болады.
  4. Азық-түлікті дұрыс сақтау керек. Егер Сіз тамақты артығымен пісіріп қойған болсаңыз немесе тамақтың жарты бөлігін сақтап қойғыңыз келсе, оның не ыстық (60° С шамасында немесе жоғары), не суық (10° С шамасында немесе төмен) күйінде сақтау керек екендігін есте ұстаңыз. Бұл өте маңызды жәйіт, әсіресе тамақты 4-5 сағатқа дейін сақтау қажет болса. Балаларға арналған тамақты мүлдем сақтамаған дұрыс. Тамақтан улануға жиі апаратын ортақ қателік  - тоңазытқышта көп мөлшерде жылы тамақты сақтау болып табылады. Толып тұрған тоңазытқышта ондай тамақ толығымен суымайды. Азық-түлік ортасында жылу көп сақталатын болса (10° С жоғары), микробтар тірі қалады және адам денсаулығына қауіпті болатын деңгейге дейін көбейеді.
  5. Бұдан бұрын пісірілген тамақты дұрыстап жылыту қажет. Тамақты сақтау кезінде көбейген микроағзалардан солай құтылуға болады (дұрыс сақталған тамақта микроағзалар көбеймейді, алайда олар жойылмайды да). Тамақтанар алдында тағамды дұрыстап жылыту маңызды (тамақтың ішіндегі температура кем дегенде 70° С болуы керек).
  6. Шикі және пісірілген азық-түлікті бір-бірімен араластыруға болмайды. Дұрыс пісірілген тамақ шикі тамақпен қосылу арқылы ластануы мүмкін. Бұл ластану ашық түрде, яғни шикі құс еті мен дайын тамақтың араласуы, немесе жасырын түрде туындауы мүмкін. Мысалы, пышақ пен тақтаны шикі немесе пісірілген (қуырылған) құс еті үшін бірдей пайдалануға болмайды. Мұндай жағдайда тағам қайта ластанып, микроағзалар көбейіп, бұл адамның улануына акеп соғуы мүмкін.
  7. Қолды жиі жуу өте  маңызды. Тамақ пісірер алдында немесе пісіру арасындағы үзілістерден кейін, әсіресе баланың жаялығын ауыстырған болсаңыз немесе әжетханаға барып келсеңіз, қолыңызды тағы да дұрыстап жуыңыз. Шикі азық-түлікті, мысалы балық, мал еті мен құс етін өңдегеннен кейін, басқа азық-түлікті өңдеуге кіріспес бұрын, тағы да қолыңызды жуыңыз. Егер колыңызда инфекциялы жара бар болса, тамақ пісірмес бұрын оны танып, немесе таңғыш затпен орау керек. Сондай-ақ үй жануарларының – ит, құс, әсіресе тасбақалар – қауіпті микроағзалар иелері екенін естен шығармаңыз. Олардың микроағзалары тамаққа Сіздің қолыңыз арқылы түсуі мүмкін. Жануарлардың жас нәрестенің төсегі мен ыдысынан алшақ болуын қадағалаңыз.
  8. Пәтерді таза ұстаңыз. Азық-түлік тез ластанатындықтан, тамақ пісіретін орын әрқашан таза болуы тиіс. Әрбір тамақ бөлшегін, ұсақ ұнтақтары мен кір дақтарды микробтардың орналасқан орны деп қараңыз. Ыдыс сүртетін орамалдар күн сайын ауыстырылуы қажет. Еден жуатын шүберектерді де жиі жуып отыру керек. Барлық ойыншықтарды балаларға арналған залалсыздандыру ерітінділерімен жуу абзал.
  9. Азық-түлікті жәндіктерден, кеміргіштер мен басқа жануарлардан сақтау қажет. Жануарлар көпшілік жағдайда  тағамнан улануға апаратын патогенді микроағзаларды таратушылар болып табылады. Тағамды сенімді сақтау үшін оларды тығыз жабылатын банкілерге (контейнерлерге) салған жөн.
  10. Таза суды пайдалануға тырысу керек. Таза су ауыз су ретінде де, тамақ әзірлеу үшін де маңызды. Егер судың сапасы күдік тудырса, оны тамаққа қосар алдында немесе пайдаланар алдында қайнатып алыңыз. Шөлмектегі немесе фильтрден өткізілген суды пайдаланған дұрыс.
  11. Серуендеуден немесе қоғамдық пайдалану орындарынан келгеннен кейін тамақ ішер алдында міндетті түрде қол жуу қажет. Егер бала топырақпен ойнаған болса немесе жануарлармен байланыс жасаса, бұл ережені бұлжытпай орындаған жөн.
  12. Егер Сіздің балаңыз тырнақ жеу немесе қолың аузына салуды  әдетке айналдырған болса, балаңызды дереу бұл әдеттерден арылтуға тырысыңыз.

Жіті ішек жұқпасының белгілері (дене ыстығының көтерілуі, құсу, іш өту, іш ауру) пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет!

 

1 санаттағы педиатр-инфекционист О.В.Епанченко

Артқа