Кене энцефалиті - жіті, табиғи ошақтық, кене арқылы таралатын жұқпалы ауру, науқастың орталық жүйке жүйесi зақымдалады, сал ауруына шалдығып, мүгедектікке ұшырайды, асқынған жағдайларда адам өліп те кетіуі мүмкін.
Аурушаңдық көктем-жаз мезгілдерінде тіркеледі, яғни кенелердің белсенді кезеңіне байланысты. Кене шағу қауіпі бойынша кезең сәуір айынан қыркүйек айына дейін созылады.
Әдетте адамдар кене тек қана көктем кезінде және қалың орман арасында болады деп ойлайды. Көбінесе кенелер дымқыл шөбі қалың жерлерде, батпақты және қайыңды орманда болады.
Алайда кенелер барлық жерде үй ауласында және қала парктерінде де кездеседі. Сондықтан, орманға не паркке серуенге шығар алдында өте мұқият болған жөн.
Кенелер көбінесе сырттан келген киімге, шоқ гүлдермен, шөппен бірге және жануарлардың үстіне ілесіп үйге кіреді. Кенелер адамның шашына, мойнына, қолтық астына, шаптың маңайына жабысады.
Кене энцефалитімен қалай зақымданады?
Естеріңізге саламыз! Шығыс Қазақстан облысында кене энцефалитінің табиғи ошағы 9 аумағын қамтиды: олар Глубокое, Зырян, Зайсан, Катонқарағай, Көкпекті (Самар аумағы), Ұлан, Шемонаиха аудандары мен Риддер және Өскемен қалаларының маңайы.
Аурыдың жасарын кезеңі орта есеппен 7-21 күн, не бір тәуліктен 30 күнге дейін созылады.
Аурудың алғашқы белгілері кенеттен басталады, дене қызуы 39-40 гр. дейін көтеріледі, бас ауырады, жүрегі айнып, құсады, беті қызарып, кеуденің, дененің үстінгі бөлігі қызарады, бұлшық ет ауырсынады, кейде есінен танады, аяқ-қолы тартылады.
Егер кене шаққаннан кейін аурудың аталған белгілері анықталысымен дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Егер науқастың диагнозы ерте анықталып, дер кезінде тиімді ем тағайындалатын болса, дертінен толығымен айығуға мүмкіндігі бар.
Кененің шағуынан қалай сақтануға болады?
- табиғат аясына барғанда кенелер киімнің астына кірмеу үшін, жеңі ұзын көйлек киіп, жағасы мен жеңін түймелеп, етегін шалбарға, шалбардың балағын шұлыққа салу керек, ормелеп бара жатқан кенені тез байқау үшін киім ашық түсті болғаны дұрыс;
- кенелер денеге жабысып қан сору үшін оңтайлы жер іздейді, олар 1-1,5 сағат уақытты қажет етеді, сондықтан сағат сайын шаштың арасын, құлақтын тұсын, қолтық пен шаптың маңайын мұқият кенеге қарау керек;
- табиғатқа шығар алдында дененің ашық жерлеріне және киімге кенені жолатпайтын крем, лосьон, аэрозоль түрінде шығарылатын химиялық заттарды, яғни репелленттерді пайдалану керек. Оларды дәріханалар мен дүкендерден сатып алуға болады;
- орманға барғанда қалың шөбi, бұтасы аз, күннiң көзi көп түсетiн ашық жерлерге орналасқан дұрыс, дем алатын жерді бұталардан, шөптер мен жапырақтардан тазарту қажет, өйткені кенелердің сондай жерлерде көбеюіне қолайлы жағдай туады;
- орманнан келгеннен соң, денені, үйге әкелген барлық заттарды, гүл шоқтарын, киім-кешекті мұқият кенеге қарау керек.
Кене шағып алғанда не істеу керек?
Денеге қадалған кенені өте мұқият алу керек, өйткені тұмсығы үзіліп, адамның денесінде қалуы мүмкін, қандай жағдай болмасын кенені қолмен сығуға болмайды.
Сондықтан, кенені алғанда келесі ұсыныстарды орындау қажет:
- пинцетпен кененің тұмсығынан қысып немесе жақындатып жіпті байлап, ақырындап бұрап, кене жұлып алу қажет.
- Кененің шаққан орнын йод ерітіндісімен немесе іспіртпен зарарсыздандыру керек;
- Кенені алып тастағаннан соң, қолды сабындап жуу қажет;
- Кене шаққаннан бастап 3 күннен кешіктірмей жергілікті медициналық мекемеге міндетті түрде көмекке жүгіну қажет.
Кене шағу кезінде алғашқы көмек көрсететін серопрофилактика жасайтын пункттердің мекен жайын естеріңізге саламыз:- № 1 Қалалық аурухана (Абай дғ. 18);-Ана мен бала орталығы (Өтепов к-сі 37). Өздеріңді кенеден сақтаңыздар! Кененің шағуына жол бермеңіз және деніңіз сау болсын! бас маман Маржан Курмашева