Кіру
You can authorize on site with:
Google Vkontakte Mailru

Кене энцефалиті24.03.2016ж.

Қоздырғыштары ұсақ вирустар болып келетін, көктем-жаз айларында пайда болатын мидың сыртқы қабатын зақымдайтын,  табиғи ошақты жұқпалы ауру. Табиғатта ошақ көздері негізінен  ұсақ кеміргіштер; дала тышқандары,  сұр егеуқұйрықтар, орман алатышқандары, үй тышқандары мен егеуқұйрықтар.  Адамдар мен басқа жануарларға жұқтыратын  қансорғыш  иксодты кенелер. Ауырған кеміргіштердің қанын сорып, одан басқа жануарларға , адамдарға шауып, қанын сорған кезде, ауру қоздырғыштарын жұқтырады. Адамдар мен жануарлар арасында бұл ауру көктемгі-жазғы кенелердің ең белсенді мезгіліне сәйкес келеді. Бұл ауру Шығыс Қазақстан облысының  көптеген аудандарында жылда кездеседі. Бұл аурудың табиғи ошағы Катон Қарағай, Зырян, Шемонаиха,  Ұлан,  Глубокое, Көкпекті ауданының Самар аймағында, Риддер мен Өскемен қаласының төңрегінде сақталып келеді. Жыл сайын облыс көлемінде барлық аймақтардан кенелер мен кеміргіштер ауланып, зертханалық жолмен тексерулерден өткізіліп отырылады.  Бұл зерттеулердің нәтижесінде кене энцефалитітің қоздырғыштары анықталуда. Сол себептен сол аймақтар  осы аурудың табиғи ошағы болып жарияланып, алдын алу шаралары жүргізіледі. Осы аймақтың адамдар көп болатын жерлерінде кенеге , кеміргіштерге қарсы арнайы заттармен өңдеулер жүргізіледі. Мәселен 2016 жылы осындай шаралар облыстың  9 ауданының 64 елді мекенінің төңрегінде жүргізілу жоспарлануда.

Аурудың белгілері қандай?

Аурудың жасырын кезеңі (инкубациялық) орташа 14 күн (8 ден 24 күнге дейін) Кей жағдайларда 2-3 күн болуы да мүмкін. Оған себеп адам ағзасына  енген қоздырғыштар санына, адам денсаулығының сол кездегі жағдайына байланысты болады. Ауру кенеттен, жедел басталады. Алғашында бүткіл денесі қызып, ыстығы көтеріледі, қалтырап тоңады. Әлсіздік пайда болып, басы қатты аурады. Қатты шыққан дыбыс, жарық  бас ауруын күшейте түседі.  Дене қызуы 38-39 градусқа жетіп,  кең пайдаланылатын дәрілер әсер етпейді.  Екінші- үшінші күндері  аяқ-қол, мойын бұлшық еттері босаңсып, қозғала алмай қалады.  Аурған мүше бос жіп секілді салақтап қалады, парез немесе толық паралич болады. Уақытында дәрігерге қаралып ем алмаған жағдайда  бұл аурудан өлім-жітім көп болып немесе  мүгедек болу қаупі зор. Кененің белсенді мерзімі көктемнің алғашқы күннің жылына бастап, қар ери бастағаннан басталады.  Адамдар табиғатқа шығып, орман-тоғай , қалың шөп арасына баратындар, жұмыс бабымен далада жиі болатындар кене шабуылына жиі ұшырайды.  Қалада тіпті далаға шықпай ақ кене шағуы мүмкін, ол үй жануарлары, ит, мысық арқылы, даладан жинап әкелген гүл арқылы да келуі мүмкін. Кене энцефалиті ауруымен жас –кәріге қарамай бәрі де ауруы мүмкін.

Аурудың алдын алу шаралары қандай? Ең бастысы кене шағу қаупі болған жағдайда,  жұмыс бабымен  далада, орманда жиі болатын адамдарға кененің денеге жолатпау шараларын жасау керек.  Дененің ашық жерлерін қалтырмай, толығымен жабатын киім киіп, жең, аяқ төмнгі жақтарын мықтап байлап, әрбір сағат сайын киімді қарап , жабысқан кенелерді алып тастап отыру керек. Мүмкіндігінше ауланған кенелерді отқа күйдіріп жіберген абзал. Киімге кенені үргкітетін арнайы дәрілерді жағып, орман тоғай ішінде демалысқа отырғанда ашық алаңқайға жайғасып, адамдар бір-бірін қарап кенеден тазартып отыру керек.   

Жұмыс бабымен  далада, орманда жиі болатын адамдарға алдын ала егу жұмыстары жүргізіледі. Егер кене денеге жабысып қанын сорып жатса, оны дереу жұлып алуға болмайды. Себебі қадалған жерінде кененің  қан соруға арналған ілмек тұмсығы қалып қойып, ол жер қабынып, ұзақ уақыт жазылмайтын жараға айналуы мүмкін. Сондықтан  кененің қадалған жеріне өсімдік майын немесе басқа да сұйық зат құйып, кененің тыныс алу түтігін бекітеді. Тұншыққан соң  тұмсығын өзі суырып алады, немесе қыздырылған ине не басқа темір заттармен арқасын қыздырса болады. Немесе жіңішке жіпті ілмектеп алып, нң төменгі тұсынан іліп алып ақарандап қозғап тартуға болады. Онда да жіп тыныс алу түтігін қысқан кезде өзі шығады. Кене шаққан жерді дереу йод ерітіндісімен, спирт, арақпен залалсыздандыру керек. Кене шаққан соң дереу медицина мекемесіне қаралып тиісті көмекті дәрігерлердің кеңесімен алу керек.

Кене жиі шабуыл жасатын аймақтар ерекше бақылауға алынып, кенелерді азайту мақсатында залалсыздандыру шаралары жүргізіледі. Кене шаққан алғашқы тәулікте кене энцефалитінің иммуноглобулині егіледі. Ол осы аурумен ауырған адамдардың қанының сарысуынан алынған дайын антителасы бар емдік заттар. Бұл аурумен ауырмаудың ең басты жолы әркім өз басын кене шағып алудан сақтай білу, шағып алған  жағдайда дереу дәрігерге қаралып, уқытынд ем қабылдау.

Қазақстан Республиксы Ұлттық Экономика министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорынының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының залалсыздандыру бөлімінің меңгерушісі

Биржанов  Жанай Жексенұлы

Тел; 75-48-05 сот; 87775359023 

Артқа
Яндекс.Метрика