Кіру
You can authorize on site with:
Google Vkontakte Mailru

Балалардың алыстан көре алмаушылығы14.03.2017ж.

Мектеп жасындағы балаларда миопияның дамуы салдарынан көру қабілеті төмендейді. Мектеп жасындағы балаларда миопия өте жиі кездеседі. Медициналық статистика мәліметтері бойынша мұндай ауруға жоғары сынып оқушыларының үштен бір бөлігі шалдығады. Офтальмолог дәрігерлер мұндай патологияға ресми емес атау берді – «Мектеп оқушыларының алыстан көре алмаушылығы».

 

Миопия (алыстан көре алмаушылық) – алыстағы нысан суреті көз торқабығында емес, торқабық алдында пайда болатын көру қабілетінің бұзылуы. Нәтижесінде бала алыстағы нәрселерді (мысалы тақтаға жазылғанды) анық көре алмайды. Бала өскен сайын миопия дәрежесі де ұлғаяды және 20 жасқа келгенде, ағзаның қалыптасуы тоқтағанда ғана тұрақтанады. Көздің бұзылуы екі түрге бөлінеді: туа біткен және өмірде қалыптасқан. Көздің бұзылуын келесі факторлар тудыруы мүмкін: тұқым қуалаушылық; мерзімінен бұрын босанғанда баланың шала тууы; көру мүшесінің туа біткен бұзылуы; туа біткен глаукома; көзге артық күш түсіру; инфекциялық аурулар; дұрыс тамақтанбау; төмен иммунитет; жалпы аурулар (қант диабеті, Даун синдромы және т.б.). Жиі жағдайда балалар өмірде пайда болған көз ауруына шалдығады, әсіресе бұл ауру мектепте оқыған кезде дами бастайды.  Бұл ауруды тудыратын факторлар: көзге артығымен күш салу: оқушының отыратын орнының дұрыс жабдықталмауы (жарықтың аздығы, жиһаздың дұрыс болмауы және т.б.); арқасының қисауы; дұрыс  тамақтанбау; дәрумендердің жетіспеушілігі (әсірісе, кальцийдің, магний мен мырыштың); компьютер мониторы немесе теледидар алдында уақытты көп өткізу. Дәрежесі бойынша миопия әлсіз, орта және жоғары болып бөлінеді. Әлсіз миопияға 3.0д., ортаға – 3,25-тен 6,0 д-ға дейінгі және жоғарысына – 6,0 д-дан жоғары мөлшері жатады. Миопияның бірінші белгісі - ол алыстағы нәрселерді көре алмау және көзге теріс линзалар таққан кезде көру қабілетінің қалыпты болып жақсаруы. Кейбір науқастар жақын нәрселермен жұмыс істеген кезде көздің тез шаршауына, көзде, мандай және самайда аурушаңдықтың пайда болуына шағымданады. Мұндай науқастарды тексерген кезде жалған алыстан көре алмаушылық немесе аккомодацияның қысылуы анықталды. Жалған миопия артық күш салу салдарынан ригидтілікке, артық қысылуға ұшырайтын  цилиарлы бұлшықеттің әлсіздігі негізінде пайда болады. Жалған миопияны окулист дәрігерге көрсету қажет, өйткені бұл аурудың асқынуынан шынайы алыстан көре алмаушылық пайда болуы мүмкін.  2016 жыл барысында Ана мен бала орталығының кеңес беру емханасына көру мүшесінің патологиясымен 6006 бала жүгінді, олардың 1022 –на миопия диагнозы қойылды. Емханада миопиямен ауыратын балалар толық тексеріледі (көру қабілетінің өткірлігі тексеріледі, рефрактометрия жүргізіледі, көз ішіндегі қысым өлшенеді, УДЗ аппаратында көздің артқы жақтағы мөлшері өлшенеді, қажет болғанда көздің түбі суретке түсіріледі, ЭФИ жабдығында миопиялық көздің торқабығы және көру нервісі зерттеледі). Бұдан кейін балалар емделеді және жылына 2 рет тексеріледі. Аккомодацияның қысылуы және миопияның әлсіз дәрежесі бар балалар Ана мен бала кеңес беру емханасы жанындағы көру мүшесін қорғау кабинетінде емделеді: оларға алыстан және жақыннан оптодистантты жаттығулар жүргізіледі, жарықпен емдеу, арнайы әзірленген бағдарламалар бойынша компьютерлік жаттығулар жүзеге асырылады. Көз микрохирургиясы бөлімшесінде асқынған миопия – дегенеративті миопиямен (жоғары дәрежелі миопия және дамыған миопия) ауыратын балалар емделеді. Жаттығулармен қоса балаларды дәрі-дәрмектермен кешенді емдеу, физиотерапия арқылы емдеу жүргізіледі. Ал асқынған миопия кезінде хирургиялық емдеу жүргізіледі, яғни көздің артық ұзарып кетпеуі үшін арнайы трансплантанттар арқылы көз шелін нығайтады. Ана мен бала кеңес беру емханасы жанындағы көру мүшесін қорғау кабинетінде 2016 жылдың барысында көру мүшесінің патологиясы бар 980 бала, олардың ішінде миопиямен ауыратын 420 бала емделді. Бұл аурудың алдын алу үшін бірнеше жағдайға көңіл бөлу керек. Алыстан көре алмаушылық бала жасында пайда болатындықтан, ең алдымен балалар мен жасөспірімдерде бұл аурудың  алдын алу керек. Тексерулер жүргізіледі, оптикалық түзету, дәрі-дәрмектермен, физиотерпиялық және хирургиялық емдеу әдістері қолданылады. Бұл әдістер алыстан көре алмаушылықты тоқтатуға, жақсы көру қабілетін сақтауға және торқабық тарапынан болатын асқынулардың алдын алуға бағытталады. Көптеген ата-аналар көзілдірік немесе линзалар тағу алыстан көре алмаушылықты ұлғайтады деп ойлайды, бұл пікір дұрыс емес. Офтальмология саласындағы зерттеулер көзілдірік кимеу – ең дұрыс емес әрекет екендігін көрсетті. Жиі жағдайда алыстан көре алмаушылық кітап көп оқитын немесе жақын жерде орналасқан заттармен жұмыс істейтін балаларда пайда болады. Дамып келе жатқан алыстан көре алмаушылыққа немқұрайды қарауға болмайды, өйткені кейіннен бұл торқабықтың орталық бөлімдерінің бұзылуына және көру қабілетінің төмендеуіне ұшыратады. Сондықтан жылына екі рет офтальмолог дәрігерге қаралу керек. Миопияның дамуын бәсеңдетудің ең қарапайым әдісі ол балалардың таза ауада жиі болуын көбейту. Бірақ бұл әдістің әсер ету механизмі әлі толық зерттелген жоқ, сондықтан бұл әдіс миопияның алдын алу әдісі ретінде ұсынылады. Алыстан көре алмайтын бала үшін көз гигиенасы маңызды болып табылады. Бұл патологиясы жоқ  барлық балалар үшін де қажет. Баланың көзіне түсетін күштің мөлшеріне де көңіл бөлу қажет. Кітапты тек жақсы жарықтандырылған жерде үстел басында отырып оқу керек. Жатып немесе тамақтанып отырып оқуға болмайды. Теледидарды көп көруге болмайды. Екі жастан кіші балаларға теледидарды мүлдем көріп қажеті жоқ. Бұл тек көзге түсетін күш мөлшеріне ғана емес, сондай-ақ баланы қоздыратын орталық нерв жүйесіне тигізетін әсерге байланысты. Алайда балаға теледидарды мүлдем көргізбеу мүмкін емес. Бұған байланысты келесі кеңестер беріледі. 7 жасқа дейінгі балаларға  теледидарды күніне 30-40 мин. көруге болады. Одан жоғары жаста теледидарды күніне 1,5-3 сағат көруге рұқсат етуге болады. Бұл кезде үздіксіз көру ұзақтығы 1,5 сағатты құрауы тиіс (яғни бір фильм). Теледидарды көру кезіндегі негізгі зиянды фактор –ол алыстан ұзақ көру кезінде көзге түсетін күш. Бұл компьютермен жұмыс істеуге де қатысты. Компьютер алдында жұмыс істеу ұзақтығы да күніне 40 минуттан аспауы тиіс. Күнделікті үйреншікті әрекеттерді қалыптастыру қажет. Бала үйде немесе мектепте болсын, оның жұмыс орны дұрыс ұйымдастырылуы тиіс, жақсы жарықтандыруды, дұрыс бағытталған жарықты орнату, көз белсенділігін дене белсенділігімен, қозғалысты демалыспен алмастыру, көз жаттығуларын жасау керек. Әлсіз аккомодация болған кезде 20-30 минут сабақ оқудан кейін көз гимнастикасын жасау керек. Ағзаның қызметін нығайту, денешынықтырумен айналысу, шынығу, дәрумендерге бай азықпен тамақтану, арқаның қисаюын түзету маңызды болып табылады. Осының барлығын миопияға бейім балалар үшін қолдану қажет (алыстан көре алмаушылығы бар ата-аналардың балалары, жылына 1,0 д-ға дейін өсіп отырған миопиясы бар балалар). Бұл аурулар емханада және балаларды профилактикалық тексерулер кезінде анықталады.

Көру қабілетіңізді сақтаңыз! Уақытында дәрігерге қаралыңыз!

 

Ана мен бала орталығы кеңес беру емханасының офтальмолог дәрігері Арапова А.А. 

 

Артқа
Яндекс.Метрика